2019 жыл – Қазақстан жастарының жылы

2019 жыл – Қазақстан жастарының жылы

Қазақстанның жарқын болашағы. 2019 жылы Елбасының қаулысымен елдің ертеңі – жігерлі де білімді жастардың жылы деп бекітілді. Бүгінде өскелең ұрпақты ынталандырудың кешенді шаралары – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Үкімет тарапынан ғылымды дамыту үшін өнертабыс иелеріне субсидиялар қарастыру, білім беруді қолжетімді етіп саланың сапасын арттыру сынды нақты шаралар қолға алынып жатыр. Өз кезегінде белсенді жастар мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысып бағуда. Ел қамындағы отты ойларымен бөлісіп, ұтқыр бастамаларын, өміршең жобаларын жүзеге асырып келеді. Әсіресе заман талабына сай IT-технологиялар, жасыл энергетика, робот құрастыру мен ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған инновациялық жобалардың үлесі басым.

ДАНИЯР СҮНДЕТБАЕВ, «ЖАС ОТАН» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Алдағы 2019 жылы көптеген дарынды жастардың бастамалары мемлекеттің кешенді қолдауына ие болады. Оның бірден-бір мысалы -  «NURINTECH» республикалық иновациялық жобалар байқауы. Қазіргі таңда 30-дан астам қатысушы ақтық сынға жолдама алды. Қорытынды кезеңге үздік деген жобалар ұсынған үміткерлер іріктелді. Жалпы жүлде қоры 5 миллион теңгені құрап отыр. Ендігі кезекте олардың барлығы кәсіпорындарда таныстырылып, коммерциализацияланады. Әрине ұсыныс ұнап жатса ендірілетін болады. Өткен жылғы тәжірибеміз  жобалардың үлкен сұранысқа ие болғанын көрсетіп, өндіріс жолына қойылды. 

Хай-тек үлгісіндегі өнертабыс авторлары – мектеп оқушылары, студенттер мен жас ғалымдар. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастардың бастамалары сала мамандарының жоғары бағасын алып үлгерді. Ұйымдастырушылар бұл тың жобаларды ертең-ақ әлем танитынына сенімді. Дені бүгіннен қалмай іске асырылып, табыс көзіне айналуға тұрарлық дейді. Мәселен елордалық мектеп оқушысы Әлихан Рахметов көру қабілеті нашар жарымжан жандарға таптырмас көмекші болатын сенсорлық таяқ ойлап тапқан. Әлемде баламасы жоқ өнертабыс.

ӘЛИХАН РАХМЕТОВ, БАЙҚАУ ҚАТЫСУШЫСЫ:

-  Таяқ негізгі екі бөліктен тұрады. Ол – сыртқы қабаты мен роботталған кешен. Корпусында доңғалақтар бекітілген. Ол қосымша құрама таяқты көтермей сырғып жүруге арналған. Олар арқылы адам төмендегі кедергілер мен шұңқырларды біле алады. Ол адамның бойына сай ұзартылып, қысқартылады. Кез келген бойға шақталған десек болады. Сондай-ақ таяқтың қимылын өшіру, қосу басқышы бар. 

Көзінде мүкісі бар мүгедектерге таптырмас көмекші болатын жоба авторға жеңіс әкеледі ме, жоқпа әлі белгісіз. Бастамалардың бәрі өзіне бөлек ерекше. Байқау жеңімпаздары әлі анықталатын болады. Игі шара өскелең ұрпақтың жастайынан ел игілігі мен әлеумет қамын ойлайтынын танытып отыр.