Ғылым және білім саласындағы әріптестік

Ғылым және білім саласындағы әріптестік

Қазақстан әлем елдерімен байланыстарын жан-жақты дамытуда. Басымдықты бағыттардың бірі – білім мен ғылым саласы. Осы ретте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Әзербайжан ұлттық ғылым академиясы меморандумға қол қойды. Келісім екі елдің ғалымдарына әр тараптың зерттеу орталықтарын пайдаланып, гранттық жобаларға қатысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ бірлескен конференциялар ұйымдастыру қарастырылған.

ҒАЛЫМҚАЙЫР МҰТАНОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ  РЕКТОРЫ:

 - Біз университет ішінен Әзербайжан тарихы мен мәдениеті орталығын аштық. Сондай-ақ Әзербайжан демократиялық университетінің 100 жылдығын, Гейдар Әлиевтің 95 жылдығын және Гусейн Джавидтің 135 жылдығын атап өттік. Осындай шаралар кезінде ынтымақтастықты тереңдету идеясы туған еді.

Қазақстан, сондай-ақ Польша мемлекетімен де ғылыми әріптестікті нығайтуда. Бүгінде аталған мемлекетте мыңдаған қазақстандық жас білім алып жүр. Адами капиталға инвестиция – болашаққа инвестиция. Польша Парламенті Сенатының депутаты Роберт Довхан Қазақстанның білім саласындағы бұл бағытын қолдайды.

РОБЕРТ ДОВХАН, ПОЛЬША ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

-  Қазақстан білім саласына басымдық беріп отыр. Польшада, Еуропаның өзге елдерінде білім алуды қалайтын жастар саны артып келеді. Болашақ жаңа технологиялар мен инновациялармен байланысты. Бұл туралы сіздердің президенттеріңіз де айтып жүр. 27 жыл ішінде Қазақстанда талай өзгерістер болды. Бүгінде сіздің ел – табысты экономикалық және әлеуметтік саясаттың үлгісі дер едім.

Сарапшылардың айтуынша, жаһандану заманында жоғары білікті мамандар мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алады. Сол себепті Қазақстан білім мен ғылым саласына айрықша мән беріп, адами капиталдың әлеуетін арттыруды назарда ұстап отыр.