«Алашорда» туралы кітап әзербайжан тілінде

«Алашорда» туралы кітап әзербайжан тілінде

Бакуде «Алашорда» қозғалысы жайлы кітаптың тұсаукесері өтті. Тәуелсіздікке ұмтылған қазақ зиялыларының арман-мақсаты әзербайжан тілінде баяндалған. Жинақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласының аясында Қазақстан Елшілігінің ұйытқы болуымен жарық көрді. Басылымға Алаш қайраткерлерінің өмірі мен ұйымның қызметінен сыр шертетін мақалалар енгізілді. Жоба авторларының пікірінше, өткен ғасырдың басында егемендікке ұмтылған қазақ халқының дара жолы әзербайжандық оқырман қауымның қызығушылығын тудырады.

НИЗАМИ ТАГИСОЙ, ПРОФЕССОР, АУДАРМА АВТОРЫ:

-  Қазақстанның тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен Алашорда қозғалысының рөлі маңызды. Қозғалыс өкілдері қазақ халқының мүддесі үшін ақтық демі таусылғанша күресті. Сондықтан әзербайжандық оқырмандарды «Алаш» партиясының қызметімен таныстыру өте маңызды деп білемін. Себебі ол – түркі халықтарының ортақ тарихы саналады.

Сондай-ақ әзербайжандық ақын Гусейн Джавидің қазақшаға аударылған өлеңдері таныстырылды. Ол – латын қарпінде басылған алғашқы кітаптардың бірі. Алашордалық қайраткерлер сынды Гусейн Джавид те өз ұлтының тәуелсіз болуын аңсаған күрескер ақын.

ҒАЛЫМҚАЙЫР МҰТАНОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

-  Қос ел де бүгінде егемендікке қол жеткізіп, бүгінде мемлекеттерін нығайтуға күш салып келеді. Бұл ата-бабамыздың аңсаған арман-мұраты еді. Енді ол сәтімен іске асуда. Біздің тарихымыз, мәдениетіміз бен тіліміз ортақ. Оның үстіне қос елдің тағдыры да сабақтас.

Кездесуге қатысушылар мұндай ынтымақтастық тарихы ортақ қос халықтардың достығын нығайта түседі десті. Қазақстанның тарихи тұлғаларының өмірі мен қызметі туралы басылымдар әзербайжан оқырмандарына жүйелі түрде ұсынылып тұрмақ.