Францияда Қазақстанның үшінші Құрметті Консулдығы ашылды

Францияда Қазақстанның үшінші Құрметті Консулдығы ашылды

Францияда Қазақстан Республикасының үшінші Құрметті Консулдығы ашылды. Біздің еліміздің өкілдігі Ренн қаласында орналасып отыр. Саяси қайраткерлердің, дипломаттардың және кәсіпкерлердің мәлімдеуінше, құрметті консулдықтың қызметі екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың кеңейе түсуіне ықпал етеді.

ЖАНАР АВАР-ТӨРЕБАЕВА, ҚР-НЫҢ РЕНН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛЫ:

 - Консулдық ашылуы Қазақстанмен одан әрі тығыз жұмыс істеуге септігін тигізеді. Сондай-ақ Қазақстанның өзге қалаларындағы жоғары оқу орындармен ынтымақтастық орнатамыз деген жоспар бар.

Айта кетейік, сондай-ақ іс-шара барысында қазақстандық суретшілердің көрмесі де ұйымдастырылды. Қылқалам шеберлерінің шығармалары келген қонақтарға Қазақстан туралы, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлері туралы көрнекі ақпарат алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар осындай көрмелердің бірінен  Ренн қаласының тұрғыны Анни Шарбоннельдің біздің елімізге деген қызығушылығы туған.

АННИ ШАРБОННЕЛЬ, РЕНН-АЛМАТЫ БАУЫРЛАС ҚАЛАЛАР КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ:

 - 1991 жылы мен Қазақстанға алғаш рет сапар шектім. Шынында, қазақ елі мен бүгінгі Қазақстанның арасында үлкен айырмашылық бар. Мемлекет ширек ғасырда заманауи елдің біріне айналып үлгерді. Біздің ел де жыл өткен сайын жақсарып, дамып келеді.

Ренн қаласындағы мына бақтың атауы – Алматы. Бауырлас-қалалар комитеті мүшелерінің бастамасымен мұнда Абайдың бюсті де қойылған. Сол себепті  ұлы ақынның ескерткішіне тағзым ету ашылу салтанатының басты бөлімі саналды.

Бретань өңірі бүгінде ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістіктерімен танымал. Ал Ренн қаласында Консулдықтың ашылуы екі ел арасында бұл сала бойынша тәжірибе алмасуға серпін бермек.