«Бабалар ізімен» экспедициясы Иорданияда

«Бабалар ізімен» экспедициясы Иорданияда

«Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясы Иордания корольдігінде зерттеу жүргізіп, жергілікті тарихшылармен кездесті. XIII ғасырда бұл мемлекет қыпшақ мәмлүктерінің иелігінде болған. Ұлы даладан шыққан мәмлүктер сол кезеңде мұсылман және христиан әлемі арасындағы қарым-қатынас пен күштердің арасалмағына айтарлықтай ықпал жасаған. «Бабалар ізімен» экспедициясы осыған қатысты тың деректерді жинау үшін Аджлун және Карак бекіністеріне арнайы ат басын бұрды.

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Бұл Карак қамалы Иерусалим мен Шам жерінің оңтүстігін қорғау ісіндегі стратегиялық нысан болып есептеледі. Ұлы даладан шыққан қыпшақ Мәмлүктер осы жерге иелік еткен. Біздің бабаларымыз бұл жерлерде бірнеше қамалға иелік еткен. Ал осы Карак қамалы – солардың ішіндегі ең маңыздысы және үлкені. Сұлтан Бейбарыстың жарлығымен осы қамалда мынадай мұнара да салынған болатын. Мұндай мұнаралар бұл жерде бірнешеу.

Карак қамалында 1260-1277 жылдар аралығында Сұлтан Бейбарыстың  бұйрығымен 3 мұнара салынады. Қыпшақ мәмлүктер шығыста моңғол-татар шапқыншылығына тойтарыс берсе, батыстан төнген крест жорығының қаупін біржолата жоя білді. Осының арқасында олар Ислам әлеміндегі ең күшті және ең беделді мемлекетке айналды. Сол себептен де мәмлүктерді ел арасында дінді қорғаушылар, Исламның қорғандары деп атай бастайды.  

МҰХАММЕД ҒУАНМЕ, ЯРМУК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Біз Сұлтан Бейбарыс туралы мектепте көп оқыған едік.  Ол – аңыз адам. Елі мен жері үшін ешқашан аттан түспеген тұлға.  Кезінде ол ешкімге айтпай құпия түрде Египеттен Дамаскіге немесе басқа жерлерге бет алады екен. Сұлтан Бейбарыс кез келген қамал немесе елді мекенге келіп қалғанда сол жердің қараушысы таң-тамаша болады екен. Бұл сұлтанға өз еліндегі ахуалды тікелей бақылауда ұстауға және халықтың жағдайын біліп отыруға мүмкіндік берген.

Тек осы мысалдың өзі ғана мәмлүктердің ежелгі көшпенділердің ұрпағы ретінде ат үстінде жүріп, ат мәдениеті арқылы жетістікке жеткенін көрсетеді.