Балаларға арналған кітаптар жарық көрді

Балаларға арналған кітаптар жарық көрді

Балаларға арналған комикс үлгісіндегі қазақ тіліндегі әңгіме-ертегілер жарық көрді. Олар «Ыбырай атамның әңгімелері»  және «Ілияс пен Заңғардың планшеті» деп аталады. Екі кітап та кішкентай оқырманға адамгершілік, еңбекқорлық, өмірсүйгіштік қасиеттерін баулиды. Бірінші кітапқа қазақтың алғашқы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала», «Сауысқан мен қарға», «Қараусыз өскен ағаш қандай болады?» сынды барлығы 8 әңгімесі енген. Ал «Ілияс пен Заңғардың планшеті» атты кітаптың авторы – Ұларбек Нұрғалымұлы. Ол бұл ертегіні өзінің балалары үшін ойдан шығарған. Кейін оны жинақ ретінде басып шығару ойы туындапты. Екі кітаптың әрқайсысы 3 мың данадан жарық көрді. Қазақ тіліндегі балалар кітаптарына тапшылық сезіліп тұр, - дейді кітап авторы. Өйткені басылымдар жарық көре сала 200 данасы сатылыпты.

ҰЛАРБЕК НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, КІТАП АВТОРЫ:

 - Кейде балаларға жалықтырмау үшін өзіңнің ойыңнан ертегі құрап айтасың. Содан кейін осы «Ілияс пен Заңғардың планшеті» деген әңгімені ойымнан құрап айтқан едім. Балалар қызығып қайта-қайта сұрай береді. Көп жағдайда комикс жанрында қазақы баланың образын табу деген қиын нәрсе. Осы кітапта да шешімі табыла қойған жоқ. Дегенмен қадамдар жасалды. Бұрын мүлдем болмады деп айтпаймын. Шетелдік балалардың көк көздерін қарайтып жасауға болады. Дегенмен әркім өзінің болмысын сезе алатындай дәрежеге, сапаға жететін болса, тіпті жақсы болар еді.

ШЫНАР ҰЛАРБЕКҚЫЗЫ:

-  Маған мына кітапты әкем ұйықтар алдында оқып береді. Оның маған суреттері, сұрақтары өте қызықты. Олар маған ұнады.