Нью-Йоркте «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты халықаралық форум өтті

Нью-Йоркте «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты халықаралық форум өтті

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет». Нью-Йоркте осындай атаумен халықаралық форум өтті. Эрнест Хемингуэй, Теодор Драйзер мен Марка Твеннің шығармашылығымен жақсы таныс қазақ делегациясы Ұлы даланың бірегей мәдениетін Америка жұртына таныстырды. Рухани құндылықтарды дәріптеу, ғаламдық мәдениет кеңістігіндегі интеграция мен қоғамдық сананы жаңғырту мәселесі жиында тілге тиек етілді.    

ШӨМІШБАЙ САРИЕВ,  АҚЫН,  ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Біз тәуелсіз ел ретінде мойындалдық. Басқа әлемге әлі де жұмбақ халықпыз. Соны тереңдетіп, біздің үлкен тамырымыздың тереңге кеткендігін, ұлы ел болғанымызды, осының барлығын осы ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, ғалымдар жеткізуге тиіспіз.

ОҢАЙГҮЛ ТҰРЖАН, АҚЫН:

Осындай форумда мәселе жиналып қайту ғана емес. Қазақ әдебиетін, қазақтың рухани әлемін танытудың қандай жолдары бар екен? Біз соны көрсетуіміз керек.

Бұл – Астананың 20 жылдығы аясында ұйымдастырылған IV форум. Мәдени кездесу бұған дейін Сеул, Лондон, Берлин сияқты әлемнің ірі астаналарында өткен. Нью-Йорктегі басқосуға келушілер фотокөрме тамашалап, қазақ жазушыларының жаңа туындыларымен танысты.

ЛЕОНИД ГОЛДИН, ПРОФЕССОР, АҚШ ПУБЛИЦИСІ:

 - Қазақстан  бізді таңғалдырып келеді. Бұл өзі бір керемет шара болды. Нағыз достық кездесу деп осыны айтады. Бұған дейін де Қазақстан әлемге үлгі болатындай жағдайға жеткенін естуші едім. Татулығы жарасқан 100-ден астам ұлт пен ұлыстан құралған тұтас елдің бейбіт саясатын да айтпасқа болмайды. Форумда филология профессорының латын қарпіне көшу туралы баяндамасын ерекше назар қойып тыңдадық.

РАВИ БАТРА, АҚШ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Қазақстандық мәдениет тек қазақ халқы үшін ғана емес, күллі әлем жұрты үшін ұлы мәдениеттердің бірі деп санаймын. Көшпенділердің мәдениетін зерттеу жаһан үшін маңызды. Себебі ол әлемдік мәдениеттердің ажырамас бөлігі саналады.

НҰРТӨРЕ ЖҮСІП, «АЙКЫН» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

 - Әдебиет, өнер, мәдениет – халық пен халықты жақындастыратын, әлемдегі 8 млрд халықты бір-бірін түсінуге, достасуға бастайтын, қарусыз өмір сүруге жол ашатын мүмкіндік әлемі ғой.

Ұлы Дала мәдениетін дәріптеуге арналған жиын осылайша еліміздегі береке-бірліктен сыр шертті.