«Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясы Ливанда болды

«Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясы Ливанда болды

«Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясы Ливанда болды. Зерттеушілер елдің Бейрут, Триполи және Сидон қалаларында бабаларымыздың осы елдің тарихында алатын орнын саралап, жаңа деректер іздеді. 1266 жылы Ливан жерінде Сұлтан Бейбарыс мұсылман елдеріне крест жорығымен келген басқыншыларға күйрете соққы береді. Ал одан кейін билікке келген сұлтан әл-Мансұр Қалауын 1289 жылы Триполиді толықтай еуропалықтардан азат етіп, өзіне қаратады. Бұл жерде Мәмлүк стилінде салынған көптеген ғимараттар бар.

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Бұл – әл Мансұр Қалауын атындағы мешіт. Ол мешіт 1294 жылы басталып, 1315 жылға дейін созылып бітеді. Бұны салған Қалауынның немерелері Халил және Мұхаммед. Бұл мешіттің архитектурасы Каирдің стиліне келеді, ал Каир Мәмлүк заманының архитектурасы деп есептеледі. Оның біздің архитектураға ұқсастығы өте көп.

Зерттеуші топ Бейруттің мемлекеттік музейінде болды. Онда мәмлүктер кезеңіне жататын көптеген жәдігерлер сақтаулы. Бұл жерден сол заманның алтын теңгелерін, қару-жарақтары мен тұрмыстық заттарды көруге болады. Экспедиция мәмлүктер мәдениетін зерттеу жұмыстарын енді Иорданияда жалғастырмақ.