Қазақстанның жасыл экономикаға өтуі мәселелеріне арналған конференция

Қазақстанның жасыл экономикаға өтуі мәселелеріне арналған конференция

Энергия сыйымдылығын төмендету, атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту, қалдықтарды қайта өңдеу және су тазарту. Астанада Қазақстанның жасыл экономикаға өтуі мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті. Кездесуге қатысушылар өнеркәсіптік кәсіпорындардың ең үздік қолжетімді технологияларды ендіруінің өзектілігін атап көрсетті.

ВЛАДИМИР МАРЬЕВ, «ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САЯСАТ ОРТАЛЫҒЫ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ /РФ/:

 - Ең үздік қолжетімді технологиялардың, соның ішінде қайта жаңартылатын энергия көздерінің мәні зор. Бұл кәсіпорындардағы процестерді басқаруға жаңаша көзқарас, сондай-ақ өнеркәсіпте экологиялық талаптардың міндетті сақталуына кешенді түрде келу әдісі десек те болады. Біз қазірдің өзінде Қазақстанда экологиялық шешімдер кешенін әзірлеу мен ең үздік әрі қолжетімді технологияларға өту амалдары жасалып жатқанына куә болып отырмыз.

«Жасыл» жобаларды ендіру мен саладағы үздік тәжірибені сәтті қолдануда Қазақстан көрші елдермен серіктестікке сенім артады, атап айтқанда, республика Ресейдегі экологиялық саясат орталығымен ынтымақтастықта жұмыс істемек.

ВЛАДИМИР МАРЬЕВ, «ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САЯСАТ ОРТАЛЫҒЫ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ /РФ/:

 - Бұл ынтымақтастық бізге өнеркәсіпті үздік қолжетімді технологияларға көшірудегі іс-қимылды үйлестіруге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Еуропа елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері сызықтық экономикадан алшақтап жатыр. Ол өнімді өндіріп, пайдаланып, қоқысқа тастауға негізделген. Ал қазір олар циркулярлық экономикаға бет бұрып жатыр, яғни, қалдықтар шикізат ретінде пайдаланылады. Осылайша, қоқыс полигондары азаяды, адамдардың өмір сүру жағдайы жақсарады, кәсіпорындардың жұмыс тиімділігі артады. Үздік қолжетімді технологиялар дегеніміз осы.

Қазір Қазақстанда қайта жаңартылатын қуат көздерінің үлесі ел аумағында өндірілетін энергияның жалпы көлемінің 1 пайызға жуығын құрайды. Алайда 2020 жылы бұл көрсеткішті 3 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Еліміз жаңартылған энергия және «жасыл» технологиялар саласындағы еуропалық көшбасшылармен ынтымақтаса отырып, шетелден инвестор тартуға басымдық беруде. 

СТЕНБЕК МАДСЕН,  ЕО ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Еуропалық Одақ Қазақстанмен энерготиімді және су үнемдегіш технологиялар саласында тығыз ынтымақтастық орнатқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы сіздің елде «жасыл» экономика моделіне өту бойынша 4 жобаны іске қосты. Мысалы, бір мектепте суды пайдаланудың тиімді технологиясы ендіріліп, күн батареялары, фотосенсорлық крандар және жылыжай үшін су жинаудың арнайы жүйесі орнатылды. Ал Ақтөбеде бөгеттерге су ағынын реттейтін арнайы сенсорлар, су тасқыны қаупін алдын ала анықтайтын құрал орнатылды. Бұл – Еуроодақ қаржыландыратын жобалардың мысалдары ғана. Және олар озық технологияларды ендіруге және таратуға бағытталған.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда ең үздік қолжетімді технологиялар қағидаларына өту процесіне 10 жыл уақыт кетеді. Бірінші кезекте, аса табысты «жасыл» тәжірибені экспорттық әлеуеті бар тауарлар мен өнімдердің өндірісіне ендіру жоспарланған.