Маңғыстау облысында алғашқы «Геобақ» құрылады

Маңғыстау облысында алғашқы «Геобақ» құрылады

ТМД-да алғаш рет Маңғыстау облысында «Геобақ» құрылатын болды. Қазір ЮНЕСКО мамандары қажетті археологиялық және табиғи ақпараттардың сараптамасын жасап жатыр. Еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің үштен бір бөлігі осы өңірде орналасқан. Мұнда 13 мың ескерткіш бар. Соның 20 жуығы «Геобақ» арқылы отандық және шетелдік саяхатшыларға таныстырылмақ. Қонақтар Маңғыстауда ғана кездесетін Сұлтан үпі, Шақпақ ата сынды жерасты мешіттері, шар тәріздес алып тастар, қазба жұмыстары жүріп жатқан ежелгі қала орындарын аралап, тамашалай алады.

ГҮЛМИРА СҮЙЕУОВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Осында ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен геобақ құрылғанын естісе, туристердің қызығушылығы артады. Бұл қазақтың ұлттық қолөнер кәсіптерін қайта түлетіп дамытуға тағы бір себеп болмақ. Яғни, жергілікті шеберлерге кәсіпкерлікпен де айналысуға мүмкіндік тумақ.

«Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту көзделген. Осы бағытта аймақта бірқатар жоба жүзеге асырылмақ. Белгілі археолог Андрей Астафьев білім басқармасымен бірге археологиялық слеттер ұйымдастырмақшы. «Оқушылар қазба жұмыстарына қатысу арқылы көшпелі бабаларының тұрмыс-салтымен танысып, Ұлы дала тарихын санаға сіңіретін болады», - дейді ол.

АНДРЕЙ АСТАФЬЕВ, АРХЕОЛОГ:

 - Бізге мектеп оқушылары жиі келеді. Олар 5 күн бірге жұмыс істеп, қазба жұмыстарынан керемет әсер алды. Далалы жағдайда өмір сүру, еңбек ету барлық балаларға ерекше қызық.

Биыл Маңғыстау облысына 200 мыңдай саяхатшы келген. Оның тең жартысы көк теңізге түсіп, жұмсақ құмды жағалауда демалған. Ал 7 жылдан кейін Маңғыстауға келетін туристер саны 750 мыңға жетеді деген үміт бар. Алдағы жылдары алып кемелермен Каспийде саяхат жасауға мүмкіндік туады. Жобаны Қазақстан теңізді жағалай орналасқан елдермен бірлесе жүзеге асырмақшы.