Алина Соловьева: Сабақ жүргізудің тың тәсілі

Алина Соловьева: Сабақ жүргізудің тың тәсілі

Шымкентте биология пәнінің мұғалімі еліміздегі жалпы білім беретін мектептерге оқулық жазды. Ұстаз Алина Соловьева қазір балаларға білім берудің жаңа әдісін қолданып жүр. Мұғалім өзіне берілген 45 минутты оқушылармен тиімді өткізуді дағдыға айналдырған. Ол әр сабағына жаңа әдіс-тәсілдерді қолданады. Яғни, өзі зерттеп, зерделеген, көзін жеткізген технологияны шәкірттеріне ұсынады. Ұсынып қана қоймай, жеңіл түрде түсіндіреді. Ол ылғи да «Бүгінгі күннің балаларын не қызықтырады? Оларды сабаққа баулудың тіпті оқулыққа тартудың қандай амалы бар?» деген сан сауалдың жауабын тапқан жан. Алинадан дәріс алған түлектер түрлі ғылыми жобалар мен олимпиадалардан жеңіспен оралған. 

АҚЕРКЕ БЕРЕКЕШЕВА, ОҚУШЫ:

- Ол кісінің сабағы қызықты өтеді. Ол сабақ өткенде барлығын жан-жақты қарастырады. Барлығына терең үңіледі. Тілі өте оңай. Ол кісінің кітабын оқыған кезде, сабағына кірген кезде біз биология әлеміне кіріп кеткендей боламыз.

Ұлағатты ұстаздың жарық көрген туындылары көп. 2005-2008 жылдары ғылыми-практикалық еңбектері жинақ болып шығыпты. Қала берді, 20-дан астам мақаласы жарық көрген. 2004 жылдан бері мектеп оқулықтарын шығаратын бірлестіктің тұрақты авторы, ал былтырдан бастап орта білім беру ұйымдарында жаңартылған мазмұндағы биология пәнінің жалғыз авторы.

АЛИНА СОЛОВЬЕВА, №1 А.ПУШКИН АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ БИОЛОГИЯ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

-  Алдағы жоспарда жаңартылған білім мазмұнына қатысты 11 сыныпқа арналған биология пәні оқулығын толық аяқтау тұр. Біз оны барынша оқушыларға жеңіл етіп беруге тырысып жатырмыз. Және шәкірттерімді түрлі сайыстарға дайындауға көшпекпін. Қазір оқулықпен айналысқалы 3 жыл болды, жаттықтырушы шебер болудан алыстап қалдым.

Алина қоғамдық жұмыста да белсенді. Бүгінде Алина Соловьева – «Білім беру ісінің үздік қызметкері», «Жыл мұғалімі». Сондай-ақ оны Мемлекет басшысынан алған «Ерен еңбегі үшін» атағы оны биік белестерге талпындырады.