Назарбаев Университетінің кітапханасы енді тәулік бойы жұмыс істейді

Назарбаев Университетінің кітапханасы енді тәулік бойы жұмыс істейді

24 сағат, аптасына 7 күн. Назарбаев Университетінің кітапханасында үзіліссіз жұмыс істейтін жаңа зал ашылды. Жалпы аумағы 10 мың шаршы метрді құрайтын оқу залында білім нәрінен сусындағысы келетіндер үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ бұл жерде жаңа компьютерлік және мультимедиялық залдар, топтық және жеке сабақтар өткізуге арналған сыныптар, инклюзивті білім берудің құрал-жабдықтары, мәжіліс залы орналасқан. Пайдаланушылар үшін қажет аудио және бейне студия, тынығу және балалар бөлмесі тағы бар. Кітап үйіне тәулік бойы кіру мүмкіндігі Қазақстанда алғаш рет жасалып отыр. Жоба авторлары мұның саладағы оң бастамаға айналарына сенімді. Олар тәулік бойғы оқу залының қызметінен болған нәтижелерді жақын уақытта жария етпек. 

АСЕМГҮЛ ТЕМІРХАНОВА, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қазір біздің қорымызда 200 мыңға жуық баспа көшірмесі бар. Одан өзге, электрондық жазылымдар, электрондық кітаптар, мәліметтер базасы ауқымды. Сонымен бірге университеттің өз жұмыстары, диссертациялары, тезистері, мақалалары жүктелген жеке репозиториіміз бар екенін айта кету керек. Сондықтан электрондық формат бойынша оқырмандарға ұсынарымыз мол.