Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы неміс тілінде жарық көрді

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы неміс тілінде жарық көрді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы Гёте тілінде жарық көрді. Еліміздің жаңа тарихын баяндайтын басылымның тұсаукесері Германияның ең беделді Гумбольдт университетінде өтті. Шараға үкімет мүшелері, Бундестаг депутаттары, кәсіпкерлер, дипломаттар мен жазушылар қатысты. Оларға Қазақстан Президенті кітабының алғашқы даналары табысталды.

МАНФРЕД ГРУНД, БУНДЕСТАГ ДЕПУТАТЫ:

 - 90-жылдары түрлі қиындықтар болды. Дұрыс саясат пен жүйелі экономикалық ұстанымның арқасында Қазақстанның дамуы табысты болды деп санаймын. Елдеріңіз Еуропа мен Азия үшін сенімді серіктеске айналған. Жетістіктеріңізді көріп қуанамын. Бұл кітап Қазақстанның 30 жылдық тарихын, тіпті алдағы 50 жылға арналған жоспарларыңызды баяндайды.

МИХАЭЛЬ ГЛОС, ГЕРМАНИЯНЫҢ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯ МИНИСТРІ /2005-2009 ЖЖ/:

 - Кітапты әлі оқып үлгерген жоқпын, бірақ Нұрсұлтан Назарбаевты біле тұра, ол өте қызық екеніне сенімдімін. Қазақстанды бүкіл әлем сыйлайды. Мұның бәрі салиқалы саясаттың арқасы. Нұрсұлтан Назарбаев елді алға қарай дамыту үшін үлкен еңбек атқарды. Ол – бүгінгі Қазақстанның негізін қалаушы.

Кітап Қазақстанның тәуелсіздік алған тұстан бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістерін баяндайды. Орталық Азияның көшбасшысына айналған еліміз әлемде бейбітшілік пен тұрақтылық орнату үрдісіне елеулі үлес қосты. Неміс сарапшылары президент кітабына «Қазақ тәуелсіздігінің энциклопедиясы» деген атау берді.

ҮМІТХАН МҰҢАЛБАЕВА, ҚР ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ КІТАПХАНАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Елбасымыз баға жетпес еңбек сіңірген. Кітап тарихымыздың ажырамас бөлігін қамтыған, оны неміс қоғамы, неміс оқырмандары білуі керек. Өйткені тәуелсіздігіміздің 27 жылдық тарихы жазылған. Әрбір кезеңі мұқият баяндалған төрт тарауы бар. 

«Тәуелсіздік дәуірі» бұған дейін Мәскеу мен Санкт-Петерборда таныстырылды. Кейін Лондонда ағылшын тілінде жарық көрді. Ал келер жылы Бразилияда 270 миллион адам қолданатын португал тілінде басылады деп жоспарланып отыр.