Қазақстан-Корея: Медицина саласындағы әріптестік

Қазақстан-Корея: Медицина саласындағы әріптестік

Қазақстан мен Корея денсаулық сақтау саласы бойынша ынтымақтастық аясын кеңейтіп келеді. Бұл орайда тараптар өзара технологиялық, әдістемелік үрдістер төңірегінде тәжірибе алмасуға басымдық беруде. Оңтүстік Корея клиникаларының үздік дәрігерлері жыл сайын елімізге келіп тұрады. Шетел мамандары жергілікті әріптестеріне онкологиялық ауру түрлерін емдеу, аса тиімді ота жүйелері мен дертті ерте анықтауға мүмкіндік беретін озық диагностикалық технологияларды ендіруге септесуде.

КИМ ДЭ СИК, ҚАЗАҚСТАНДАҒА КОРЕЯ ЕЛШІСІ:  

 - Бүгінде республика медициналық қызмет көрсету түрлерін жетілдіру, техникалық қондырғылардың сапасын жақсарту және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселелерін белсенді түрде шешіп жатыр. Бүгінде Кореяға барып емделетін қазақстандықтардың қатары күрт азайды. Олар көбіне өз елінде емделуді қалайды.  

Қазақстанда 1995 жылдан кореялық «KOICA» халықаралық ынтымақтастық бойынша агенттігінің бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Оның аясында соңғы 6 жыл ішінде ғана 100-ден астам отандық дәрігер Кореяда біліктілігін арттырып қайтты.

ГУЛЬДАНА САДЫКОВА, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ  «KOICA» ТҮЛЕКТЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Жалпы аталмыш бағдарлама бойынша 1500-ден астам адам оқып, біліктілігін арттырып алды. Оның ішінде шамамен 50-60-ы магистранттар мен докторанттар. Қазіргі таңда көбі мемлекеттік секторда жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ жеке сектордағы түрлі бағыттарда еңбек етуде. Сауда, экономика, көлік инфроқұрылымы, медицина сынды түрлі салаларда жүр. «KOICA» оқытудан бөлек медициналық қызмет түрлерін ұсынады. Дәл қазіргі таңда бізде осы бағдарлама аясында Кореядан келген маман бар. Ол біздің азаматтарға медициналық кеңестер береді.  

Ли Сонгхун – гастроэнтеролог-эндоскопист. Қазақстандық дәрігерлермен етене жұмыс жасап жүргеніне 4 жылдан асыпты. Шетелдік маман жергілікті әріптестерімен бірлескен диагностикалық әдіснамалар құрады.

ЛИ СОНГХУН, ГАСТРОЭНТЕРОЛОГ, ЭНДОСКОПИСТ /ОҢТҮСТІК КОРЕЯ/:

 - Мен сала маманы ретінде өзімнің бар біліп-түйгеніммен қазақстандық әріптестеріммен бөлісемін. Өйткені мен Қазақстандағы мына  емханада жүрген Оңтүстік Кореяның жалғыз өкілімін. Мен кореялық клиникалардың медициналық технологияларын осындағы ауруханаларға ендіруге септесемін. Сондай-ақ Кореяға барған сайын Қазақстандағы медицина, денсаулық сақтау саласы жайында айтып, елдің жетістіктерін насихаттаймын. Осылайша екі елді байланыстыруға тырысамын.    

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан мен Кореяның денсаулық сақтау саласындағы ортақ медициналық қызметтерініне қатысты қолға алынған бірлескен жобалардың нәтижелері көңіл көншітеді. Сондықтан арадағы байланыс аясы әлі де арта түспек. Алдағы уақытта IT бағыты бойынша әріптестік орнатылмақ.