Алматы-Шу темір жолының құрылысы

Алматы-Шу темір жолының құрылысы

Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыратын жобалар теміржол саласында да атқарылуда. Солардың бірі – Алматы-Шу учаскесіндегі екінші жол тарамының құрылысы. Оның жалпы ұзақтығы – 113 км. Іске қосылғанына небары 1 жыл болса да, аталған учаскенің өткізу қабілеті 4 есе артқан. Бұл – «Нұрлы жол» бағдарламасының игілігі.

БАУЫРЖАН ОРЫНБАСАРОВ, ТЕМІР ЖОЛ ТАСЫМАЛЫ КОМПАНИЯСЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бұл аумақтағы жалпы темір жолдың ұзындығы – 126 шақырым. Жол бойы толықтай электр қуатымен жабдықталып, 13 темір жол көпірі салынды. Оған қоса, темір жолды кесіп өтетін автокөліктерге арналған өткелдердің орнына арнайы көпір салынды.

Қазір жаңа көлік өткелінен тәулігіне 17 мың темір тұлпар өтеді. Ал жобаның ерекшелігі – оның сандық бағдарламамен жабдықталғандығында. Яғни пойыздардың жүру бағыты мен жылдамдығы, қауіпсіздігі бір орталықтан  бақыланады.

БАУЫРЖАН ОРЫНБАСАРОВ, ТЕМІР ЖОЛ ТАСЫМАЛЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Нәтижесінде, темір жол тасымалындағы сапа мен жылдамдық артты. Алматы-Шу аралығындағы темір жол арқылы өтетін жүк пойыздарының уақыты 2 есеге қысқарды. Мұнымен қатар, Алматы және Жамбыл облысы аумағындағы теміржол бекеттерінің қызмет көрсету деңгейі артты.

Еске салсақ, Қазақстанда «Digital Railway» бағдарламасы қолға алынған. Оның шеңберінде шығыстарды оңтайландыру, сондай-ақ поездарды басқару орталығы мен  цифрлық жүйелерді енгізу жұмыстар жүргізілуде. Сарапшылардың алдын ала бағалауы бойынша, жобаларды іске асырудан жалпы экономикалық тиімділік 115 млрд теңгені құрайды.