Астана әуежайының әлеуеті

Астана әуежайының әлеуеті

Астана әуежайы Орталық Азиядағы ең ірі көліктік хабқа айналуы мүмкін. Халықаралық сарапшылар осындай пікір айтады. Жаңадан ашылған терминал әуежайдың өткізу мүмкіндігін ұлғайтуға септігін тигізді. Оның құрылысы 2015 жылы ЕХРО халықаралық көрмесіне дайындық жұмыстарының шеңберінде басталған болатын. Жоба мемлекет есебінен қаржыландырылған. Жаңа терминалдың жалпы аумағы – 47 мың шаршы метр. Онда халықаралық жолаушылар терминалы және ВИП-терминалдар, сондай-ақ әуе кемелерінің жаңа 6 тұрағы, автобус аялдайтын 4 орын, 50 төлқұжат тексеру кабинасы және 27 тіркеу орны орналасқан.      

ҚУАНДЫҚ РЫСПАЕВ, «НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

- Қазір біз 17 ішкі және 27 халықаралық рейс бойынша қызмет көрсетіп жатырмыз. Ағымдағы жылдың басынан бері 4 миллион 200 мың жолаушыны қабылдадық. Бірақ болашақта бұл көрсеткішті 8 миллионға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Ал алдымызға қойған мақсатымызға жетіп, жолаушылар саны одан да көп болса, 3-ші терминалды салуға қауқарымыз бар.

Нысан заманауи технологиялармен жабдықталған. Бұл қызмет сапасын арттырып, авиациялық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді. Терминал мен оның маңындағы аумақта 600-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Ғимараттың өзінде рентген сканер мен радиациялық қауіпсіздікті бақылау жүйесі де бар. Сондай-ақ әуе айлағында жолаушы жолжүгін тексерудің Еуропалық стандарттарға сай жаңа жүйесі енгізілген. 

ҚУАНДЫҚ РЫСПАЕВ, ЗАМ. ПРЕДСЕДАТЕЛЯ ПРАВЛЕНИЯ ПО СТРОИТЕЛЬСТВУ АО «МЕЖДУНАРОДНЫЙ АЭРОПОРТ АСТАНА»:

- Бізде жолаушылар жүгін тексерудің жаңа заманауи жүйесі орнатылған. Ол адами фактордың ықпалын азайтады. Қазір біз сағатына 1200 жүкті тексеруге мүмкіндігіміз бар. 

САУАЛНАМА:

-  Бұрынғыға қарағанда өзгеше және жақсы. Көптеген автоматтар мен кассалар қойылып жатыр. Қазір кезек дегенді білмейміз. Бұрын кезек көп болатын, қазір аз.

-  Өте ыңғайлы. Әдемі. Осындай әуежай салынғанына қуаныштымын.

Қазір мұнда 500-ге тарта адам қызмет етеді. Жаңа әуе бағыттары да ашылуда. Мамандардың айтуынша, терминал халықаралық талаптарға сай салынған және әуе кемелерінің барлық түрлерін қабылдап, қызмет көрсетуге қауқарлы.