Заманауи ақылды көлік инфрақұрылымын дамыту

Заманауи ақылды көлік инфрақұрылымын дамыту

Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай заманауи ақылды көлік инфрақұрылым желісі қалыптасып келеді. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында елімізде республикалық және транзиттік маңызы бар тас жолдар салынып, қайта жөндеуден өтті. Елорданы басқа өңірлермен байланыстыратын сондай бір ірі жоба жалпы ұзындығы 7 мың километрді құрайтын 11 жоғары жылдамдықты жол тартуды көздейді. Оның аясында іске қосылған нысандардың бірі «Астана-Щучинск» бағыты болды. Жақында елордадан Теміртауға дейінгі аралық іске қосылмақ. Бұл Алматыға дейін жететін «Орталық-Оңтүстік инфрақұрылымдық жобасының бір бөлігі.

НҰРЖАН БЕКОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» АҚ ҰК  БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

-  Қазір «Орталық-Оңтүстік» дәлізі бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Қазір Теміртау-Қарағанды учаскесіндегі 14 шақырымдық жолдың бір жолағын бітірдік. Ал негізінде ол 6 жолақтан тұратын болады. Келесі жылы Астана-Қарағанды тас жолы толықтай салынып бітеді. Бұған қоса, келер жылдан бастап «Қарағанды-Балқаш», «Балқаш-БурылБайтал» және «Құрты-Қапшағай» бағыттарындағы күре жолдар жаңартыла бастайды. «Орталық-Оңтүстік»  жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Астана-Алматы» бағытындағы жолдарды қайта жөндеу жұмыстарын 2023 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаның құны 105 миллиард теңгені құрап отыр.  

Келер жылы Астана мен Теміртауды байланыстыратын учаскені «Астана-Щучинск» тас жолындағыдай ақылы жүйеге көшіру жоспарланған. Бүгінде осындай жүйе әлемнің 30-дан астам елінде енгізілген. Мамандардың айтуынша, өз шығынын өзі өтеуге қауқарлы мұндай жолдардың сапасы да өте жоғары. Ал, ондағы қауіпсіздікті заманауи технологиялар бақылайды.   

ЗЕЙНЕЛҒАБИДЕН СЕЙДАХМЕТОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» АҚ ҰК БАС МАМАНЫ:

- Ақылы жолдан түсетін қаражат есебінен біз мұндағы барлық жоспарлы  жөндеу жұмыстарын жүргізе аламыз. Бұл жол бойында  көлік иелеріне көрсетілетін қызметтер халықаралық стандарттарға сай болады. Қауіпсіздік мәселесін де ескердік.

Елімізде автокөлік жолдарының біртұтас және қаржылай тиімді инфрақұрылымын қалыптастыру көзделуде. Болашақта тағы 13 учаскені ақылы жүйеге көшіруді жоспарлап отыр. Бұл тізімде  «Батыс Еуропа-Батыс Қытай»,  «Астана-Павлодар», «Астана-Қостанай» бағыттары бар.