Қарағанды облысында бие сүтінен балалар тағамын жасайтын зауыт құрылады

Қарағанды облысында бие сүтінен балалар тағамын жасайтын зауыт құрылады

Қазақстандық тағы бір өнім халықаралық нарықты бағындыруда. Жаңа сауылған бие сүті – саумал жаңа брендке айналып отыр. Еуропа мен Азия тұрғындары тарапынан емдік сусынға деген сұраныстың артуы отандық өндірушілердің мүмкіндігін кеңейтті. Мәселен, келер жылы Қарағанды облысында бие сүтінен балалар тағамын жасайтын жаңа зауыттың құрылысы басталмақ. Саумалдың бірегей табиғи құрамы мен оның ана сүтімен ұқсастығы ежелден-ақ белгілі. Жоба құны 3 миллиард теңгені құрап отыр. Зауытта жылына шамамен 100 тонна өнім шығару жоспарлануда. Айта кетейік, биылғы жылы бие сүтінің қасиеттерін зерттейтін ғалымдарға 7 грант бөлінген болатын.       

ӘМІРХАН ДАНИЯРОВ, ӨҢДЕУ ЖӨНІНДЕГІ БАС МАМАН:

- Біз сублимация әдісінің көмегімен саумалды құрғатамыз. Оның құрамында жасанды қоспа болмайды. 100% таза өнім. Бие сүті мен ана сүті құрамының арасындағы ұқсастық 90%-ды құрайды. 

Алдағы уақытта құрғақ бие сүтін Қытайға экспорттау көзделуде. Осы мақсатта еліміздегі ең ірі өндіруші сыртқы нарыққа бағдарланған жеке зауыт салуды жоспарлап отыр. Осылайша жаңа сауылған бие сүтін тұтынуға мүмкіндігі жоқ аспан асты елінің тұрғындары сублимацияланған өніммен емделе алады. Себебі, құрғату процесі кезінде саумалдың шипалық қасиеті жойылмайды. Оның дәмі, түсі мен құрамында да еш ерекшелік жоқ.     

ҚАДЫРБЕК МЕЙРАМБЕКОВ, КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

-  Елбасымыздың маусым айындағы ресми сапарынан соң, біз Қытайдағы әріптестерімізбен келісімшарт жасастық. Енді арнайы комиссия келіп, біздің зауыттың жұмысын бағалауы тиіс. Одан соң біз өнімді Қытайға экспорттауды бастаймыз. Қазір рұқсат құжаттарын рәсімдеп жатырмыз.

Ал мына зауыт құрғақ бие сүтін өндіруді осыдан 4 жыл бұрын бастады. Қажетті технология Германиядан сатып әкелінген. Мұндағы жұмыстың барлығы автоматтандырылған, ал өндірістік цехта тазалық талаптары толық сақталған. Жаңа сауылған сүт мұнда арнайы құбыр арқылы жеткізіледі. Ал өндірістік цехта ол салқындатылады, қайнатылады және кептіріледі.

ӘСЕЛ МЕЙРАМБЕКОВА, ЗЕРТХАНАШЫ:

- Сублимация әдісімен құрғатылған сүттің сақталу мерзімі де ұзақ болады. Өнім минус 40 градусқа дейін мұздатылады, одан соң сүтті буландыру, яғни кептіру үрдісін жүргіземіз. Құрғақ сүт өнімі осылай дайындалып, әзірленеді.    

500 литр сүтті кептіру үшін 3 тәулік қажет. Дайын ұнтақ вакуумдық қалталарға салынып, оралады. Бие сүтінің құрғақ ұнтағын шығаруды қолға алған өндіріс ошағының өзі Қарағанды облысында орналасқан. Мұндағы биелердің әрқайсысы күніне 4-5 литр сүт береді. Ал оны құрғақ күйде тұтынатын қытайлық туристер болса, сусынның емдік қасиетінің ерекше екенін айтып отыр.

ШУ МЭЙЧАН, ҚХР ТУРИСТІ:

- Мен айына 5-6 құты сүт ішемін. Саумалды өзім ғана емес, немерелерім де ұнатады. Оны ішіп бастағаннан бері денсаулығымыз айтарлықтай жақсарды. Тұмау мен суық тиюдің не екенін білмейміз.     

Саумал өніміне деген сұраныстың артуына байланысты отандық өндірушілер өндіріс алаңдарын кеңейтіп, жаңа зауыттарды ашуды жоспарлап отыр. Бұған қоса, олар өнім түрлерін ұлғайтып, олардың құнын төмендетуді көздейді.