«Теңгеге – 25 жыл» коллекциялық монеталары 2 күнде сатылып кетті

«Теңгеге – 25 жыл» коллекциялық монеталары 2 күнде сатылып кетті

Ұлттық банк шығарған «Теңгеге – 25 жыл» коллекциялық монеталары 2 күнде сатылып кетті. Олардың ішіндегі 1 келілік күміс монеталардың әрқайсысының құны – 268 мың теңге, ал тиражы 200 дана болатын. Ол «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» монеталар сериясы бойынша шығарылды. Жалпы Қазақстанның алғашқы күміс монеталары 1995 жылы шыққан болатын. Жыл сайын Ұлттық банк тұрғындар мен нумизматтар үшін бірнеше коллекциялық монета ұсынады. Олар негізінен, күміс пен алтыннан және мельхиордан жасалады. Біразы талай халықаралық байқауларда жүлдеге иеленген. Басты талап – монетаның дизайны мен сапасы. Ал бұл жағынан қазақстандық теңге сарайының туындылары ешбір елден кем түспейді.

ВАЛЕРИЙ КИТИКОВ, НУМИЗМАТИКА ЖӘНЕ БОНИСТИКА ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫ:

 - Гауһартас орнатылған «Жолбарыс» монетасы Австралияда өткен байқауда екі бірдей аталым бойынша үздік деп танылды. Тантал орнатылған «Ғарыш» сериясындағыдай монеталарды Қазақстаннан басқа жерде шығарылмайды. Белгілі «Көшпенділер алтыны» сериясындағы туындыларға  бізде де, шетелде де сұраныс жоғары.  Күміс монеталардың ішіндегі ең құндысы – 1 келілік « Тәуелсіздікке – 10 жыл» монетасы. 2001 жылы шыққан кезде оның құны 47 мың теңге болатын. Ал қазір оның бағасы 20 мың АҚШ  доллардан асып түседі.

1993 жылдың 15 қарашасында ел аумағында сауда-саттық жасаудың жаңа құралы ретінде төл теңге қолданысқа енген болатын. Осы жылдардың ішінде қазақ ақшасы бірнеше рет халықаралық нарықта ең әдемі, жоғары сапалы әрі қолдан жасау қиындардың бірі деп танылды. Ал қарашаның 15-і «Ұлттық валюта» күні ретінде аталып өтіледі.