Қазақстандық дәрігерлер Израильде біліктіліктерін арттырды

Қазақстандық дәрігерлер Израильде біліктіліктерін арттырды

Қазақстан мен Израиль арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Екі елдің серіктестігі сан саланы қамтиды. Тараптар медицина саласында да әріптестікті нығайтуға мүдделі. Қазақстандық дәрігерлер израильдік емханаларда жиі біліктіліктерін арттырып, әріптестерімен тәжірибе алмасады және медицинадағы соңғы жетістіктермен танысады.  

ДУЛАТ ҚУАНЫШЕВ, ИЗРАИЛЬДЕГІ ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ:

- Бір жағынан, осы курстарды тыңдап, олардан өткен мамандар өз білімдерін тәжірибелік тұрғыдан шыңдап, күнделікті қызметтері үшін маңызды дағдыларды біліп, меңгергендерін айтып отыр. Ал, екінші жағынан, оқытушы тараптың өкілдері қазақстандық тыңдаушылардың кәсіби дайындық дәрежесінің жоғары деңгейде екенін мәлімдеген. Мұны білу біз үшін өте маңызды.      

Израильдік «Жедел жәрдем» қызметінің адам өміріне араша түсуде тәжірибесі өте мол. Алғашқы көмек көрсету бойынша курстың аясында 20-дан астам қазақстандық маман дайындықтан өткен. Олардың қатарында, жедел жәрдем дәрігерлерінен бөлек, басқа мамандықтың өкілдері де бар.  

ГҮЛМИРА ҮЛМІСЕКОВА,  БАЛАЛАР НЕВРОЛОГЫ:

- Біздің дәрігерлік топ BLS, AСLS, PALS сынды бағдарламалар бойынша жедел жәрдем көрсету курсын өту үшін арнайы Астана қаласынан келді. Бұл тақырыптардың дәрігерлер үшін маңызы өте зор. Себебі біз үшін жедел жәрдем бойынша білімді жетілдірудің қажеттілігі жоғары. Бұл тәжірибе келешекте көптеген адамның өмірін құтқаруға көмектеседі.      

ШАФИР БУТНЕР, ПАРАМЕДИКТЕР МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Біздің ең басты мақсатымыз - адам өмірін құтқару. Біз бар біліп-үйренгенімізді Қазақстандық әріптестерімізбен бөлісуге дайынбыз. Және де олардың осы жаңа білімді қабылдауға құлшынысы мен ынтасы бізді қатты қуантып отыр. 

Айта кетейік, курсқа қатысушылардың барлығына нұсқаушы сертификаттары табысталды. Алдағы уақытта олар израильдік әдістеменің негізінде Қазақстандағы әріптестерін оқыта алады.