Түркістан қаласының маңынан X-XI ғасырларда салынған көне монша табылды

Түркістан қаласының маңынан X-XI ғасырларда салынған көне монша табылды

Археологтар құнды олжаға кенелді. Түркістан қаласының маңынан X-XI ғасырларда салынған көне монша табылды. Ескі нысанның дәл осы кезге жататындығын кәріз құбырларының жанынан шыққан ежелгі тиындар мен түймелер айғақтап отыр. Мамандардың пікірінше, ол жаппай халық игілігіндегі қоғамдық монша болмаған. Өйткені табылған жәдігерлер Шаһардағы сарайдардың бірінің  ішінде орналасқанға ұқсайды.

ЕРБОЛАТ СМАҒҰЛОВ, Ә. МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Мынандай моншалардың қалдықтары жақсы сақталған. Олар арнайы қоспа немесе ғанышпен сыланған. Сондықтан олар өткізбеушілік, аса беріктік қасиеттерге ие. Төрт монша сынықтарын таптық.

Әр бөлмесінде жуынуға арналған орындар жасалған. Соңғы екеуінде лас суды сыртқа шығаруға арналған кәріз құбырлары болыпты. Олардың ішінен табылған минералды заттар сараптамаға жіберілді. Ғалымдардың болжамынша, олар жуынуға арналған құралдардың құрамындағы қалдықтар болуы мүмкін. Мамандар Жібек Жолы бойындағы қаланы адамдар XIV ғасырға дейін мекен еткеніне сенімді. Кейін халық жақын маңдағы дамыған Яссы шаһарына қоныстанған.

БАХЫТЖАН НҰРХАНОВ, «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҚ МҰРАЖАЙЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

-  Қазіргі тұрған жеріміз бұл қаланың рабады деп аталады, яғни шаруашылық бөлімі. Негізінде монша сынды нәрселер сол рабадта салынатын.  

Археологтар бұндай құбырлар Сығанақ пен Отырар қалаларында жүргізілген қазба жұмыстарының барысында да табылғанын айтады. Монша қазып алынған көне Шойтөбе қаласы мемлекеттің қорғауында. Айта кетейік, тарихи мекенді зерттеу жұмыстары соңғы 3 жыл бойы жүргізіліп келеді.