Қазақстанда ЖЭК жобаларын іріктеу бойынша күзгі аукциондық сессиясы аяқталды

Қазақстанда ЖЭК жобаларын іріктеу бойынша күзгі аукциондық сессиясы аяқталды

Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеу бойынша күзгі халықаралық сауда-саттық аукциондық сессиясы аяқталды. Энергетика министрлігі өкілдері атап өткендей, баламалы энергетика саласына жергілікті және шетелдік инвесторлар қызығушылық танытуда. Сауда-саттыққа қатысуға 9 елден 113 компаниялары ниет білдірген. Олардың қатарында Қазақстанмен бірге Қытай, Ресей, Түркия, Франция, Италия және Нидерланды елдері бар. Сессия қорытынды бойынша 30 компания жеңімпаз атанса, оның 23-і отандық кәсіп иелеріне тиесілі.

АНАТОЛИЙ ШКАРУПА, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

-  Су және жел электр станциялары нысандары бойынша сұраныс ұсыныс көлемінен шамамен 2 есеге асып түскен. Ауқциондық саудаға қатысушылар арасында күн электростанциялары жобаларын дамытуға қызығушылық мол. Бұл бағытта да сұраныс ұсыныс көлемінен 7 есеге көп.

Осылайша, Қазақстанда 8 күн, 6 жел және 3 гидроэлектростанциясын салу жоспарланып отыр. 2 жыл ішінде Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында және Шымкентке жақын маңда қуаттылығы 200 МВт болатын күн электр станцияларының құрылысы басталмақ.  3 жыл ішінде жалпы қуаттылығы 400 МВт жел станциясы Ақмола, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында бой көтереді. Ал суэлектрстанцияларының құрылысы республиканың оңтүстігінде жүргізіледі. 

АНАТОЛИЙ ШКАРУПА, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

-  Қазақстанда жүзеге асырылатын барлық жобалар үшін ең маңызды талап – жабдықтар заманауи технологияға сай болуы тиіс. Егер жабдық нормативтік мерзімге дейін жетпесе, барлық жауапкершілік инвестордың мойнында.

Баламалы энергия көздерінің күзгі аукционы Қазақстандағы жаңартылатын энергия көзіне деген сұраныс ұсыныстан айтарлықтай асып түскенін көрсетті. Аукционға қойылған мегаватттар барлық инвесторлар үшін жеткіліксіз болды. Еске сала кетейік, 1 жыл ішінде жалпы қуаты 857 мегаватт болатын 36 жоба іріктелген. Өтінімдердің жалпы көлемі шамамен 3,5 мыңға жетті, бұл сұраныс ұсыныстарға қарағанда 4 есе жоғары. Сарапшылардың пікірінше, мұндай танымалдылық Қазақстанның жақсы күн сәулесімен, сондай-ақ осындай жобаларды жүзеге асырудың қарапайым үдерісімен түсіндіріледі. Айта кету керек, жобалар Қазақстанға – 70 млрд. теңге кіріс әкелді, бұл – салынған инвестициялардың жалпы нәтижесі.