Бауырсақ – қонақжайлылықтың нышаны

Бауырсақ – көшпелі халыққа тән қонақжайлылықтың нышаны. Тағамның бұл түрі Қазақстан, Қырғызстан, Монғолия елдерінде, сондай-ақ тәжік, өзбек, татар және башқұрт халықтары арасында аса танымал. Ұннан жасалатын дәстүрлі тағам мерекелік дастарқанның көркін ашып, ажарын кіргізеді. Бауырсақ қадірлі және сыйлы қонақтардың алдына қойылады.  

ЖАНАТ ИБРАГИМОВА:

– Бауырсақ – бүкіл қазақ елінің жақсы көретін ұлттық тағамының бір түрі. Себебі үйге қонақ келгенде дастарқанға бауырсақ қойылады. Қонаққа барғанда да барған үйде  бауырсақ қойылады. Бауырсақ деген аты тіпті өте жақсы қойылған. Бауырсақ деп аты айтып тұрған жоқ па? Бауыр, аға, туыс деген мағынаны білдіреді. Біз де бауырсақты жақсы көреміз.

Бауырсақты ортаазиялық бәліш деп те атауға болады. Ол көбіне ашытылған немесе тұщы қамырдан иленіп жасалады. Бауырсақтың домалақ және төрт бұрыш пішінді түрлері бар. Әдетте оны дайындау үшін су, сүт, тұз, ашытқы мен ұн ғана қажет. Десе де, әркім қалауынша май, қант, жұмыртқа, айран қосып та, әзірлейді. Бауырсақ қыздырылған майда түсі қызыл болғанша қуырылады.      

ЖАНАТ ИБРАГИМОВА:

– Бауырсақты бүгінде әркім әртүрлі дайындайды. Мен қойдың ішкі майын қосып дайындаймын. Көтерілуі жақсы болады, жегенде дәмі жақсы болады. Қамырды жақсылап илеп коямын да, холодильникке қоямын. Кез келген уакытта, мысалы, шақырусыз қонақ келіп қалады, балаларым, немерелерім бар, тез аламын да, жайып, бауырсағымды пісіре қоямын.

Бауырсақ көптеген халықтың сүйікті тағамына айналған. Оны жасаудан аспаздар арасында сайыстар мен бәйгелер де жиі ұйымдастырылады. Айтпақшы, салмағы 179 келілік ең үлкен бауырсақ Ресейде дайындалған болатын. Ал былтырғы жылы Шымкентте тағамның бұл түрін пісіруден жаңа рекорд орнатылды. Ондағы аспаздар 1136 келі бауырсақ жасап, қазақстандық Гиннесс рекордтар кітабына енген. Бұған дейінгі рекорд Алматы қаласында тіркелген екен. Онда 856 келі бауырсақ пісірілген.