Қазақстандық ғалымдар глютенсіз өнімдер шығармақ

Макарон, жайма нан, ботқа және дәмді тоқаштар. Мұның бәрі глютенсіз тағам өнімдері. Қазақ ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтының мамандары бүкіл еліміз бойынша жүгері, күріш, тары мен қарақұмық, сонымен бірге зығырдан глютенсіз ұн және кондитерлік тағамдар дайындаудың амал-тәсілін ойлап тапты. Глютенсіз тағамның негізгі мақсаты – целиакиймен ауыратын адамдардың толыққанды және қауіпсіз тамақтануын қамтамасыз ету.

ОЛЬГА ПОЛУБОТЬКО, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ, БАС ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕР:

-  Целиакия дегеніміз – глютенді көтере алмаушылық. Ол – дәнді дақылдарда кездесетін ақуыз. Бұдан сақтанудың бір ғана жолы – құрамында глютені жоқ тағамдар пайдалану. Кейбір отбасыларында 4 науқас баладан болады. Алайда елімізде мұндай өнімдер шығарылмайды, тек қана шетелден импортталады. Ал ол тауарлардың құны әдеттегіден 10-12 есе артық.

Бүгінгі күні глютенсіз өнімдер Италия, Ресей, Польша және АҚШ-тан жеткізіледі. Десе де ол тағамдарды сатып алуға кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Отандық ғалымдар шетелдік өнімнен сапасы, бағасы бойынша кем келмейтін жеке өнім шығаруға ниетті.

ДАРИҒАШ ШӘЙМЕРДЕНОВА, ИНСТИТУТТЫҢ ҒЫЛЫМИ ХАТШЫСЫ:

 - Қазіргі кезде біздің нарықта глютенсіз өнімдер бар. Бірақ та олардың бәрі – шетелден әкелінген өнімдер. Орташа бағасын айтсақ, глютенсіз ұнның 1 кг-ы 4 мыңға дейін барады. Ал 200 гр печенье 2500 тұрады. Соған қарағанда өзіміздің шикізаттан алынған өнімдер 10 есе арзан болады деп айтсам дұрыс болатын шығар.

Ғалымдар глютенсіз өнім өндіру технологиясын 3 жыл ішінде пысықтап, жолға қоюды жоспарлап отыр. Олардың айтуынша, егер зерттеу жұмыстары табысты  аяқталса, отандық тауарлар 2020 жылы дүкен сөрелеріне жол тартпақ.