Білім саласындағы халықаралық стандарт

Жаңа үлгідегі мектептер. XXI ғасырда оқу үрдісін қалай ұйымдастыру керектігін бірнеше елдің сарапшылары бірлесе талқылады. Астанада жаңа технологиялар ғасырындағы мұғалімнің рөліне арналған ғылыми конференция өтті. Жиылғандардың айтуынша, педагогтың тың әдістердін маңыздылығын түсініп, оларды оқу процесіне енгізуі маңызды. Бұлтты қоймалар, биг дата, жасанды интеллект. Мұның бәрі қазіргі уақытта  кадрларды даярлау ісінің қандай бағытта даму керектігін шешіп отыр. Демек мектеп қабырғасынан бастап оқушылар өздерінің болашақ мамандықтарына қажетті білімді алулары керек. Мұндай тәсілді алғашқылардың бірі болып Назарбаев зияткерлік мектебіндегілер қолға алды. Жаңашыл үлгідегі мектептер желісі еліміздің барлық өңірлерінде ашылған болатын. Биыл Назарбаев зияткерлік мектептері 10 жылдығын атап өтуде. 

КҮЛӘШ ШӘМШІДИНОВА, «НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ»  БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Қазіргі уақытта жұмысқа орналасатын маманға қойылатын талаптар өзгерді. Мектеп – тұлғаның қалыптасып, өмірлік бағыт-бағдары айқындалатын орын. Сондықтан балаға болашақта қажет болмайтын нәрселерді үйретуге әуес болмауымыз керек. Біздің білім саласына бағыттаған күшіміз бен инвестициямыз келешекте ақталады ма, деген сауал туындайды. Бұған, әрине, уақыт өте келе көз жеткізетін боламыз.

СЬЮЗАН РОБЕРТСОН,  КЭМБРИДЖ  УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІЛІМ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ:

 - Қазіргі оқушылардың басты қасиеті – тез үйрене білетіндіктері. Өткен жылдардың ақпараты мен біліміне ғана сенім артпай, болашақтағы өзгерістерге дайын болуларында. Креативті болу керек,  өзгерістерге бейімделе білген жөн.