Астанада бүркітшілердің халықаралық турнирі өтті

Астана маңында атақты бүркітші Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы бүркітшілердің халықаралық турнирі өтті. Осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылған байрақты додада 30-ға жуық саятшы бақ сынап, өзара мықтыны анықтады. 

РАХАТ ЖАҚСЫБАЙ, ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бір тараптан халықаралық жарыс десек болады, өйткені Моңғолия құрамасы қатысуда.  Жарыстың бір ерекшелігі – бұл 2018 жылдың сәуірінде өзгерістер енгізілген. Құстарды ұшырып, қайта келеді яғни уақытты бір стандартқа енгізу, екінші құс қоянға немесе түлкіге қонуы мүмкін. Егер бірден қонбаса, ұпай азырақ берілетін сияқты.

Турнир бірнеше кезеңнен тұрды. Жарыстың алғашқы күні бүркітті, қаршығаны, ителгіні қолға шақыру және бүркітті еркін ұшыру, шырғаға салу бәсекелері өтті. Ақтық сынға өткен 10 қатысушы бүркітті қоянға салды. Жамбыл облысының намысын қорғап келген 19 жастағы Бақдәулет Бабажан бүркіт салу бойынша қарсыластарына дес бермей, 3 жыл қатарынан жеңістің туын желбіретіп келеді.

БАҚДӘУЛЕТ БАБАЖАН, САЙЫС ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Аты – Қоңырдолы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Бұл –Алатаудың құсы.

Бүгінде Қазақстанда 60-қа тарта кәсіби бүркітші бар. Олар ата-бабамыз үшін күн көрістің көзі болған құсбегілікті ұлттық спорт ретінде жандандыруға күш салуда.