«Бабалар ізімен» экспедициясының сапары Украинада жалғасуда

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының Украинаға саяхаты Харьков облысында жалғасып, зерттеуші топ тарихи жерлерді аралады. Бұл – «Змиевы валы» деп аталатын қорған. Батыстан Шығысқа қарай созылып жатқан құрылыс – қазіргі Украинадағы ежелгі дәуір ескерткіштерінің бірі. Туристер Ұлы Қытай қорғанымен де салыстырып жатады. Ертеректе қорғаныстан бөлек, бұл XII-XIII ғасырларда Батыс Дешті Қыпшақ пен Киев Русінің шекарасы болған.

ТАТЬЯНА КРУПА, АРХЕОЛОГ:

 - Ол Украина халқы үшін аса маңызды отырықшы халық пен Түрік қағанатын бөліп тұрған. Мен оны Түрік қағанаты деп шартты түрде айтамын. Печенегтер және Қыпшақ мемлекетін біріктіргенде Дешті Қыпшақ аталатын мемлекет пайда болады.

Қыпшақтар мен Русь арасындағы қарым-қатынасы тұрақты болмағанымен, орыс шенділері мен қыпшақ хандары бір-біріне қыз беріп, өзара байланысты бекіте түскен кездер де кездеседі. Осылайша, екі өркениетті біріктірген жаңа қалалар пайда болған. Осындай көне археологиялық ескерткіштердің бірі – Донецк қалашығы. Көне жылнамаларға сенсек, оның жанында қыпшақтар астанасы орналасқан. 

МИХАИЛ САЯНЫЙ, ЗМИЕВСК ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  «Игорь жасағы» жырында қыпшақтар салған қалалар жайлы да айтылған. Бұл – Шарукань, Сугров және Балынь шаһарлары. Олардың қайда орналасқанын нақты айта алмаймыз. Өкінішке орай, тиісті археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген жоқ. 

Тарихы бай көне қаланың бірі – Үзім қаласы. Қазіргі Харковьтан 120 шақырым қашықтықта орын тепкен. Тарихшылардың айтуынша, бұрынырықта бұл жерде қыпшақ бекінісі болыпты.  

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Харьков қаласынан 120 шақырым жердегі Үзім қаласы біз үшін қымбат. Өйткені бұл арада біздің бабаларымыз 200 жылдай тұрды. Осы арадан Харьковтың жанында 3 қала салынды.

Украинаға сапары барысында зерттеуші топ Запорожье облысында да болды. Осылайша, «Бабалар ізімен» экспедициясы мыңдаған шақырымды артта қалдырып, бабаларымыз ат тұяғымен таптап билік құрған даланың сырын ашуға, тарихын танытуға өз үлесін қосты.