Семейде Шәкәрім Құдайбердіұлының 8 кітабы қайта жарық көрді

Семейде ұлт тұлғасы Шәкәрім Құдайбердіұлының 8 кітабы қайта жарық көрді. Бұл екінші өмір тынысы берілген көне қолжазбалардың ішінде 1911 жылы Орынборда басылған «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық кітабы», 1912 жылы «Ярдам» баспасынан шыққан «Қазақ айнасы» туындылары бар. Бұдан бөлек бірқатар жыр-дастандары мен «Үш анық» пәлсапалық дүниесі жаңа мұқабада оқырманға жол тартты. Бұл еңбектердің ерекшелігі, бұрынғы тұпнұсқалардан факсимильдік көшірмесі қатар беріліп отыр. Кітаптардың шығарылуына Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ғалымдары көп еңбек сіңірген. Кітаптар ойшыл ақынның 160 жылдық мерейтойы аясында шығарылып отыр.

ЕРЛАН СЫДЫҚОВ, ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ:

-  Шәкәрімнің негізгі ұраны, өмірлік мақсаты – адам баласын бақытты ету. Әсіресе қазақ қоғамына бақыт, теңдік, еркіндік сыйлау. Әрине көзі тірісінде бұған жете алмай кетті. Бірақ бүгінгі заман сол Шәкәрімнің ойынан шығып отыр деп есептейміз. Тәуелсіздігіміздің арқасында Шәкәрімнің жасап кеткен құндылықтарының бәрі қолымызға тиді. Міне, осыны болашаққа, жастарға, халық игілігіне, ел игілігіне  пайдалана білу – қазіргі ғалымдардың міндеті.