Қазақстан-Оңтүстік Корея: Ғылыми ынтымақтастық

Қазақстан мен Корея ғылым саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Тараптар ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық жүйесін бірлесіп құруды көздеп отыр. Бұл туралы Сеулде өткен халықаралық технологиялық форумда айтылды. Оңтүстік Корея – ғылым мен ноу-хауға бөлетін қаржы бойынша әлемде көш бастап тұрған елдердің бірі. Бұл мақсатқа Таңғы самал елі Жалпы ішкі өнімінің  4,3% , яғни 73 миллиард доллардан астам қаражат жұмсайды. Ал Қазақстанда, ЮНЕСКО-ның мәліметінше, ғылыми зерттеулер мен талдамалардың дамуына Жалпы ішкі өнімінің тек 0,2% бөлінеді екен. Бұл – шамамен 718 миллион доллар көлеміндегі қаражат. Алайда Президенттің халыққа жолдауы бұл салаға да серпіліс әкеліп, өзгеріс енгізетін сыңайлы. Мемлекет басшысы үкіметке алдағы 5 жылда ағарту, ғылым мен денсаулық сақтау салаларына бөлінетін қаржыны Жалпы ішкі өнімінің 10%-на дейін арттыру жөнінде тапсырма жүктеген болатын.  

ОЛЖАС РАЕВ, ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІЛІГІНІҢ ИНВЕСТИЦИЯЛАР БОЙЫНША АРНАЙЫ КЕҢЕСШІСІ:

 - Қазір бізде жаңа жоспар бар. Жақында Қазақстан Президентінің халыққа жолдауында ағарту, ғылым мен денсаулық сақтау салаларына бөлінетін қаржыны Жалпы ішкі өнімінің 10%-на дейін жеткізу міндетін үкіметке қойған.

ЧОЙ ХИ ЮН, КОРЕЯНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ АҚПАРАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Жыл сайын институтымыз келіссөздер өткізетін және Корея мен шетелде ғылыми зерттеулер туралы мәліметпен таныстыратын алаң құрып жүр. Биыл Коста-Рикада ғылыми-техникалық ақпарат жүйесін жасаудың негізі қаланды. Осы үлгіде Қазақстанмен ынтымақтастығымызды белсенді түрде нығайтамыз деген үміттемін.