Қазақстанда геокеңістік деректер инфрақұрылымының порталы жасалмақ

Елде геокеңістік деректер инфрақұрылымының порталы жасалмақ. Ол мемлекеттік басқару органдары, жеке және заңды тұлғалар мен  шетелдік инвесторлар үшін кеңістіктік деректерді қолжетімді ететін болады. Кеңістіктік деректер дегеніміз – жергілікті жердегі барлық нысандар жайлы мәлімет. Яғни олардың ауданынан бастап жасалынған материалына дейін сол жерден білуге болады. Портал 2023 жылы толықтай іске қосылады.

ЛӘЙЛӘ САТЫБАЛДИНА,  ҚР АШМ ЖЕР РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

 - Қолда бар материалдарымыз құпия немесе қызмет бабында пайдалану үшін деген белгілері бар. Яғни қазір ол бизнеске, инвесторларға қолжетімсіз немесе оны алу өте қиын. Оны қағаз жүзінде алу керек. Ал геопортал болған кезде ол өзіне керек ақпаратты сол порталдан өзіне жүктеп ала алады.

Бұл жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына еніп отыр. Оның арқасында қорғаныс, қауіпсіздік, ғылым, автомобиль, темір жол салаларын дамытуға болады. Осы салада цифрлы аэротүсірілім материалдары бойынша цифрлы топографиялық жоспарлар жасаудың заманауи әдістемесі енгізілді.