«Бабалар ізімен» экспедициясының ғалымдары қыпшақ дәуіріндегі музыкалық аспапты қайта жаңғыртпақ

Қазақстандық ғалымдар қыпшақ дәуіріндегі бірегей музыкалық аспапты қайта жаңғыртуға кірісті. «Бабалар ізімен» экспедициясы керемет қобызға ұқсас көне аспапты көзбен көріп, егжей-тегжейлі зерттеу үшін Киев қаласына келді. Ықылым заманның құралы 80-шы жылдары Днепрдің сол жағалауындағы қазба жұмыстары кезінде табылған. Ғалымдар бұл аспап біздің дәуіріміздің XIII ғасырында пайда болған дейді. Десе де, ол өте жақсы сақталған. Табылған жәдігер қазіргі Украина жерінде өмір сүрген қыпшақтар тарихын зерттеуге үлкен жол ашты. 

ЯКОВ ГЕРШКОВИЧ  УКРАИНА ҰҒА ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Дешті-қыпшақ даласын мекен еткен халықтар туралы жазбаша-ауызша эпикалық жырлар мен тарихи мәліметтер көп. Тұтас Еуразияның жүрегіндегі далалық аймақта музыка мәдениеті мен ән-күй аспаптары жақсы дамыған еді. Ал мына табылған аспап тарихи-эпикалық жырларда бейнеленген дәуірдің нақ белгісі деп айта аламыз.

Украина археологтары бүгінде қыпшақ хандарына тиесілі бірнеше қорымды ашты. Тигак ханға тиесілі моладағы қазба жұмыстары кезінде құнды жәдігерлер табылды. Елдің оңтүстік-шығысындағы қорымда әшекей бұйымдары, қару-жарақ, қымбат ыдыс-аяқ және киім-кешек секілді сирек кездесетін заттар көп шықты.

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Тикагтың денесінің ұзындығы 1 метр 82 сантиметр болған. Сондықтан да ол кісі ірі болған, жауынгер, үнемі аттың үстінде жүрген. Ал денесінің үстіне жамылған шекпен алтын жіптермен өрнектеп тігілген. Ол Византияда жасалған болуы мүмкін, өйткені мұндай жүн шекпендерді Византияның патшалары ғана киген.

ВИТАЛИЙ ОТРОЩЕНКО УКРАИНА ҰҒА ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

-  Мына сақинаны көрдіңіз бе? Оны белбеуге таққан. Шыңкөл ханында алтын әшекейлі күміс жалатылған 3 белдік болған. Оны неміс шеберлері жасаған. Белгіленген күні - Рейн-Маас облысы, XIII ғасырдың орта шені деп тұр.     

«Бабалар ізімен» экспедициясын алда үлкен жаңалықтар күтіп тұр. Ғылыми топ жетекшісінің айтуынша, келесі бағыт Украинаның оңтүстік-шығыс аумағы болмақ. Онда Дешті-қыпшақ дәуірінің мол мұрасы мен әсерлі оқиғалардан сыр шертетін тарихи ескерткіштер сақталған.