Қазақстандағы туризмнің дамуы

Қазақстанда шоғырланған осы табиғи байлықтары мен тарихи кесенелерін тамашалаймын деушілер жыл сайын көбейіп келеді. Биыл елімізге ат басын бұрған шетелдіктердің  саны  4 млн-нан асты. Өсім – 22%. Негізінен Үндістан, Малайзия, Польша, Біріккен Араб Әмірліктері мен Оңтүстік Корея тұрғындары саяхат үшін Қазақстанды таңдай бастаған. Жақын шет елден келушілер де аз емес. Өзбекстандықтар – солардың қатарында.

САУАЛНАМА:

 - Түркістанға Өзбекстаннан келіп отырмыз. Негізі Қазақстанға жиі келіп тұрамыз. Үкаша ата мазарына барып қайттық. Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесін де тамашаладық. Көңілімізден шықты.

 - Біз бұған дейін Шымкентте болдық. Түркістанды да аралап үлгердік.  Арыстан баб кесенесіне барамыз деген ойымыз бар. Жалпы Қазақстанға 5 күнге келдік.  Сапар біз үшін қаражат жағынан өте тиімді. Жиі келіп тұра аламыз.

Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жердегі көне Отырар қалашығы да келушілерді қызықтырмай қоймайды. Арыстанбаб мазары да алыс емес. Аңыз бойынша  Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келмес бұрын алдымен оның рухани ұстазы Арыстанбабтың кесенесіне ат басын бұру керек. Тек осыдан кейін ғана туристер Қожа Ахмет Яссауи кесенесі келеді.

МИХАИЛ ДИКАНЬ,  ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ТУРИЗМ НҰСҚАУШЫСЫ:

- Ахмет Яссауи кесенесінің диаметрі Орталық Азиядағы кесенелердің ішінде ең үлкен. Ол Хиуа, Бұхара және Самарқандтағы кесенелерден әлдеқайда үлкен. Бұл кесене – ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енген Қазақстандағы тұңғыш нысан. 

РАШИД КҮЗЕМБАЕВ, «KAZAKH TOURISM» ҰК» АҚ  ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

-  Біз экологиялық, этнотуризм, және оқиғалық туризмді дамытуға ден қоймақпыз. Елімізге келушілерді, әсіресе осы бағыттар қызықтырып отыр. Бұдан бөлек, Астана және Алматы сынды шаһарлар қалалық және MICE туризм орталығы бола алады.

Осы айдың соңына дейін «Kazakhstan travel» ұлттық порталы іске қосылады,-дейді «Kazakh Tourism» басқарма төрағасы Рашид Күзембаев. Ол 6 тілде ақпарат береді. Порталға «Ұлы дала еліне саяхат» экспедициясы негізінде жинақталған суреттер мен бейне материалдар енбек.