Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі: Сарапшылар пікірі

Қазақстанның әлем бойынша бейбітшілік пен ынтымақты нығайтып, тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейтуге қосқан үлесі сүбелі. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің бітімгершілік жолында қолға алған бастамалары әлемдік қауымдастықтың тарапынан қолдау тауып келеді. Әсіресе, Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы әлем елдері үшін үлгі тұтарлық қадам болды. Бұған қоса, еліміз халықаралық терроризмге төтеп беру және шиеленістерді реттеу үшін бірқатар ұсыныстар жасаған.     

ҚАЙРАТ АЙТБЕКҰЛЫ, «НҰР-МҮБӘРАК» ЕГИПЕТ ИСЛАМ МӘДЕНИЕТІ УНИВЕРСИТЕТІ, ДІНТАНУ КАФЕДРАСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ:

-  Қазақстанның сыртқы саясаты халықаралық қақтығыстарды реттеп, әлемдегі шиеленістерді тұрақтандыруға бағытталған. Еліміздің Сириядағы жағдайды, Орталық Азия, Ауғанстан және басқа да елдердің қауіпсіздік мәселелерін шешудегі рөлі зор. Сондықтан, Қазақстан бейбітшілік сүйгіш саясатты табанды түрде жүргізіп отыр деуге әбден болады.  

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездін өткізу туралы идеяны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Оның аясында, түрлі конфессиялардың өкілдері терроризмге қарсы күрес бойынша жаһандық бастамаларға қолдау көрсеткен. Сондай-ақ олар толеранттылық пен өзара сыйластық мәдениетін дамытудың қажеттілігін атап өтті. Шараға қатысушылардың ойынша, съезд – діни көшбасшыларға жаһандық түйткілдерді ортақтаса шешуге мүмкіндік беретін тарихи оқиға.      

АЛИ РАШИД АЛЬ-НУАЙМИ, ГЛАВА ВСЕМИРНОГО СОВЕТА МУСУЛЬМАНСКИХ ОБЩИН:

– Барлық дін көшбасшыларының бас қосып, ортақ мәселелерді шешуі керемет жағдай. Бұл жай ғана диалог емес. Осындай кездесулердегі бастамалар мен бағдарламалардың нәтижелері бәрімізге де мәлім. Мұндай шаралар бейбітшілік, толеранттылық және түрлі діндер мен мәдениеттердің бірлігін нығайтуға жол ашады.    

РИЧАРД АТКИНСОН, БЭДФОРД ЕПИСКОПЫ /ҰЛЫБРИТАНИЯ/:

-  Қазақстан – дінаралық қатынасты нығайтуға зор үлес қосып жүрген елдердің бірі. Өзге мемлекеттердің сіздерден үйренері көп.

МИТРОПОЛИТ ВОЛОКОЛАМСКИЙ ИЛАРИОН , ОРЫС ПРАВОСЛАВ ШІРКЕУІ МӘСКЕУ ПАТРИАРХАТЫ БӨЛІМІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Дін адамзат баласын махаббатқа, жақсылыққа, бейбітшілікке, мейірімділікке, рақымдылыққа және кешірімді болуға үндейді. Ол адамды зорлық-зомбылық пен зұлымдыққа шақырмайды. Ал лаңкестер дін атын жамылып, түрлі қылмысқа барады. Оған қарсы күресу үшін мемлекеттер жұдырықтай жұмылуы керек. Негізінде оған жауапты ұйымдар жастарды қауіп-қатерден сақтауы керек.

Сарапшылардың айтуынша, съезд жетістіктерінің халықаралық қоғамдастық үшін маңызы зор. Келісімге шақыратын бұл шара түрлі қиындықтарды еңсеріп, әлемде бейбіт өмір пен тыныштық орнатуға септігін тигізеді деп сенеміз.