«Caspіonet»- Қазақстандағы тұңғыш спутниктік телеарна

«Caspіonet»- Қазақстандағы тұңғыш спутниктік телеарна

- Гүлжайнар Қайымқызы, өзіңіз қызмет етіп жатқан «Caspіonet» телеарнасының өзге арналардан айырмашылығы үш тілде қатар ақпарат таратуында. Қазір әлемнің қанша мемлекетіне қанат жайып отырсыздар, әңгімені осыдан бас тасақ...

- «Caspіonet» - бұл Қазақстандағы тұңғыш спутниктік телеарна. Негізінен 3 тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар таратады. 2002 жылдың 25 қазанында тұсауы кесілген болатын. Содан бері Каспий арқылы Қазақстанды әлем жұртшылығына танытып келе жатқан арна Еуропа мен Орта Азия, Орталық Шығыс елдері мен Африканың солтүстік аймақтарына таралады. «Caspіonet» көрермендеріне Қазақстанның тыныс-тіршілігі жөнінде барынша толық, объективті ақпарат беріп отыр. Атап айтқанда, еліміздегі негізгі саяси оқиғалар жөнінде, экономика, спорт, ауа райы, елдің мәдени өмірінде болып жатқан жаңалықтарды толыққанды қамтиды. Ел­басының үш тұғырлы тіл саясатын негізге алған біздің телеарна, әсіресе, әлемнің 40-тан астам мемлекетіне тары­дай шашырап кеткен қандастарымыздың туған тілін ұмытып кетпеуіне, салт-дәстүрін, мәдениетін, қазақы болмы­сын жоғалтып алмауына дәнекер болып келеді. Сондықтан «Caspіonet» арнасы алыстағы ағайынның көз қуанышына айналып отыр деп толық сеніммен айтуға болады. 

- Атажұрттан жырақта тұратын бауырлармен байланыстарыңыз қандай, олардың тыныс-тіршілігін Қазақстан жұртшылығына жеткізуге мүмкіндіктеріңіз болып жатыр ма?

- Әрине. Жоғарыда айтып өткенімдей, қандастарымыздың басын қосып отырған қазақ диаспораларымен тығыз байланыс орнаған. Бұл еліміздегі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы арқасында жүзеге асып келеді. Жыл сайын қауымдастықтың ұйытқы болуы мен Еуропа топырағында жүрген ағайындарымыздың «Кіші құрылтайы» өткізіліп тұрады. Осы сапарларға біздің арнаның тілшілері де шақырылып, Еуропа қазақтарының өмірінен сыр шертетін тележурналдар дайындайды. Сонымен қатар «Атамекен» бағдарламасында түгелдей бір тақырыпты сол елдегі қандастарымызға арнайы дайындап, эфирге береміз. 

- Телеарнада мұнан өзге тағы қандай бағдарламалар бар, толығырақ тоқталып кетсеңіз? 

- Негізінен, «Caspіonet» телеарнасы бес минуттық тележурналдар дайындаумен ерекшеленеді. «Іnternatіonal Dіalogue» (Ұлтаралық диалог), «Regіonal Focus» (Аймақ ақпараттары), «Culture» (Мәдениет), «Portraіts» (Тұлға), «Hіstory» (Тарих), «Occupatіons» (Мамандық) деген сияқты көптеген тұрақты айдарлармен көрер мендерге хабарлар дайындаймыз. Ұжымдағы журналистер тележурналдар дайындаумен қатар, үлкен жобалардың да эфирге тұрақты шығып тұруына жұмыла еңбек етіп келеді. Мысалы, жоғарыда аталып кеткен «Атамекен» ток-шоу бағдарламасы алыстағы бауырларымызға ата-салтты берік сақтау, мәдени, тарихи жәдігерлерді тереңірек насихаттау мақсатында танымдылық тұрғыда ой өрбітетін болса, «Kazakshtan: A Recіpe for Frіendshіp» (Қазақстан:Достық формуласы) Қазақстандағы ұлттардың ынтымағы, олардың салт-дәстүрін, мәдениетін әңгімелейді. Осы бағытты ұстанған тағы бір бағдарлама әр халықтың ұлттық тағамдарына арналған «Natіonal cuіsіne» (Ұлттық тағамдар). Ал шетелдік жұртшылыққа қазақ халқының ұлттық ән-күй мен музыкасын насихаттай­тын ойын-сауықтық «Celebrіty world» (Жұлдыздар әлемі) деген бағдарлама бар, онда ән әлемінде жүрген жұлдыздардың жүрекжарды ойлары, құпия қырлары көрсетіледі. Бұл бағдарламалардың барлығы да үш тілде дайындалады. Қазақ тіліндегі музыкалық хабарды өзім дайындап отырамын. 

- Сізді көрермен бұрынғы «Рахат» телеарнасы арқылы жақсы таниды деген ойдамын. Кезінде талай тұшымды хабарлар жасаған болатынсыз. Экранға қайта оралғыңыз келмей ме? 

- Менің телеарнадағы соқпағым тәуелсіздік алған тұста басталған болатын. Алғаш рет 90- жылдардың басында телеарнаға келгенімде көп нәрсенің бәрін бірдей біліп кете алғаным жоқ. Еңбек жолым «Алматы теледидары» «АТД АТВ» деген қалалық арнадан басталды. Сол кезде байырғы журналист, өмірден түйгені мол Жаңабек Тоқпанов деген ағамыз көп нәрсені үйреткен еді. Ол уақытта қазіргідей ақпарат тасқыны болған емес, ақпараттар көбіне қала мен аймақ деңгейінен аса алмайтын. Соның өзінде жақсы дүние жасауға жаным құштар болып жүретін. «Қазақстан» ұлттық арнасының кино редакциясында, 31 арнада еңбек еткен жылдары журналистік салаға әбден ысылып, өзімнің телевизия саласындағы идеяларымды жүзеге асыруға талаптандым. Ұлттық арна­ның кино редакциясында хабарды алғаш рет қазақ тілінде дайындаған да мен болыппын. Кинорежиссер Қанымбек Қасымбековтің «Қоштасқым келмейді» фильмінің кейіпкерлерімен жасалған бағдарлама үлкен арнада көлемді хабар жасаудағы тұңғыш қадамым болды. Кейін «Рахат» телеарнасына келгенде «Денсаулық», «Тағы­лым», «Замандас келбеті», «Жансарай» сияқты көптеген хабарлар дайындадым. «Нұрлы таң» деген таңертеңгілік тікелей хабарым арқылы әр сенбіде көрермен мен қауышқан кездер болды. Осының барлығы журналистік ізденіспен келген шығармашылық еңбектің жемісі деп білемін. Өйткені әр уақыттың өз кезеңі, өз ағысы болады. Сондықтан әр адам қолдан келген қабілетін уақытында көрсете білу керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда Қазақ­стандағы тұңғыш ұлттық спутниктік «Caspіonet» телеарнасында қазақ бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторымын. Жастарды телевизия саласында тәрбиелеп, азды-көпті жинаған тәжірибелерім мен бөлісіп жатқан жайым бар. Бүгінде жас буын журналистер қатары көбейіп келе жатыр, мен бұған қуанамын. Олардан үйренетін нәрселер көп екендігін байқаймын. Жалпы, тележурналистика саласы біз бастаған кезеңдерден әлдеқайда дамып кеткендігін айтқым келеді. Ал оны дер уақытында игеріп, меңгеріп алып кетіп жатқан қаракөз жастар жетерлік. 

Ал экранға оралуға келсек, әрбір күннің өз несiбесі бар. Менің ойымша, нағыз тележурналист тек экранға шығуды ғана ойламау керек, көрерменге көзіне түспей жүріп те талай жұмысты атқаруға болады. Мысалы, мен «Хабар» агенттігіне келген жылдары танымал тележурналист, публицист Бейбіт Құсанбектің рухына арналған «Жарқ еткен асыл бейне» деген деректі фильм жасадым. Келешекте осындай мағынасы терең, өзіндік ой тастайтын кең көлемді хабарлар жасау ойда бар. Осы ретте айтарым, ресейлік айтулы телетұлға Владимир Поз­нерде қырықтың қырқасын әжептәуір артқа тастағанда көрермен мен жүздескен, сондықтан танымал болуды экран арқылы ғана жүзеге асырудың және оған соншалықты асығудың қажеті жоқ сияқты. Ең бастысы, экран нан әдемі жүзіңді емес, әдемі ойларыңның өрнектелгені дұрыс болмақ. 

- Қазір телеарналар ресейлік үрдіске еліктеп, кино мен театр актерлерiн жүргізушілік қызметке шақырып жатыр, бұл кәсіби шеберлігі жоғары тележурналистерді шектеу деп ойламайсыз ба? 

- Енді бұл бүгінгі заманның сұранысы, телеарналарға жаңалық әкелуге тырысқан басшылардың талабы болар. Бірақ осы жүргізу шілерге келгенде, менің де айтар өз уәжім бар. Сөз қадірін терең түсінбей, ұйқастарды бей-берекет қолдану экранда отырған жүргізу ші ағайынға әбден қалыпты дүниеге айналып кетті. Тіпті кейде таңертеңгілік бағдарламада той жүргізгендей, ұйқас теріп сөйлейтін жүргізушілерді көргенде теле экрандағы қызықты тамашалап емес, құдды тойдағы асабаны көріп отырғандай күйде боласың. Осының қатарына соңғы кезде телебағдарламада жүргізушілік міндетті атқаруға қабілетін байқатып жүрген актерлерді де қосуға болады. Өйткені олардың теле экранды «құлай сүйгені» соншалық, өздерінің актерлік кәсiптерін екінші орынға қоятын тәрізді. Олардың қай арнада, не жүргізіп жатқандарында шаруам жоқ, тек айтайын дегенім, сол экраннан жүзін жиі көретін актеріміздің киелі сахнада спектакльдегі өз образын нанымды етіп сомдай алмай жатқандары байқалып қалады. Сол сәтте киелі өнерге нем құрайлы көзқарастарды аңғарамын. Осындайда өнер иелеріне шынымен-ақ, қарным ашатыны рас. Шынын айтсам, өзім сыйлайтын, талантын құрметтейтін қайсыбір өнер иелерінің сахнада жан-дүниеңді тербейтін образдар ды жарқырата көрсетуден мүлдем алыстап бара жатқандай сезіледі. Осындай келеңсіздік көзге түскенде, актер деген халық «өз кәсібінің майталманы болуға емес, экран жағалап, өздеріне жарнама жасауға әбден бейімделіп барама» деп ойлаймын. Бұл, әрине, барша актерлер қауымы мен барша теле жүргізушілерге айтылған наз емес, тек солардың арасында кез десетін «екі қайықтың басын ұс тағандарға» айтылған жанашырлық лебіз ғана. 

- Өзіңіздің журналист ретінде ұстанған өмірлік қағидаларыңыз қандай? 

- Жалпы, мен өзім қатып қалған қағидаға сүйенген, сол қалыптан шыға алмай жүретін адам емеспін. Кәсібім тіл саласы болғаннан кейін, көпшілікпен тез тіл табысып кетуге тырысамын. Өйткені біздің кәсіпті ресми ортада «4-ші билік өкілдері», ал адамгершілік тұрғысынан алғанда, «адам жанының инженері» деп те атайды. Сондықтан халық пен биліктің арасында жүрген журналиске халықтың арасында жүргенде қашанда қарапайым, ал өз кәсібіңе келгенде тым қаталдау болғаны дұрыс шығар деп ойлаймын. Қызмет барысында Алматыдағы біраз телеарналардың дәмін татып көрдім. Сондай кезде енді ғана табалдырығын аттаған бөтен ортада бұған дейінгі атқарған еңбектерімді тізбелеп айтып, өзімді көрсетугеты рыспаймын. Керісінше, маған барлығын нөлден бастаған қызықты болатын. Өйткені бұл өзіңді өзгелерге дәлелдеу үшін керек, екіншіден, үйренгенің өзіңе жақсы. Әр ортадан өзіңе керек бірнәрсені көріп, біліп шығасың. Бұл - журналист үшін аса маңызды. Осы орайда менің ойыма: «Білетінім - бір тоғыз, білмейтінім - тоқсан тоғыз» деп жиі қайталайтын әжемнің сөздері оралады. Тағы бір үнемі жадымда сақтайтын халық даналығы - ол: «Жаманға жалынғанша, жатта, жаныңды қарман» деген. Бұл өзіңнің кәсіби біліктілігіңді шыңдау үшін, мен сияқтыларға арналып айтылған сөз болар. Осындай өмірлік ұста­ным дар ойда жүреді. Оны қажетті жерде қолдануға тырысамын. Ал қазір кейінгі жастарға тым талапшыл болудың қажеті жоқ, тек бар ақыл-кеңесіңді жайлап түсіндіруге тырысу керек деп есептеймін. Түсінігі бар, келешекте осы салада еңбек етем деген адам жанашырлықты дұрыс қабылдайды. Ал түсінгісі келмегендер қазақша айтқанда: «Өзі болған қыз төркінін танымас» дегеннің керін келтіреді. Олар кезінде көп нәрсені жана­шыр адамдардың қамқорлығы арқасында көріп, білгенін ұмытып кетеді. Мен өзім мұндайларға аса мән бере бермеймін. Ең бастысы - қазақ тележурналистикасында біліктілігі жоғары әрі білімді кәсіби мамандар көп болса деймін. Өйткені қазақтілді журналист қашанда ұлт мүддесі үшін күресіп жүргендерін ешқашан ұмытпауы керек. 

Әмірлан Мәулен
Алматы 
15.04.10
Айқын