«Caspionet» телеарнасына 8 жыл

«Caspionet» телеарнасына 8 жыл
2002 жылы алғашқы рет көрерменге жол тартқан тұңғыш спутниктік «Caspionet» телеарнасынына биыл сегіз жыл толды. Арнаның басты мақсаты – Қазақстан туралы ақпараттарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шетелдегі қандастарға жеткізу. Биылғы жаңа маусымда арна ұжымы шет жұрттағы ағайынға алты жаңа ақпараттық-танымдық бағдарламаларды ұсынбақ. Бұл туралы арна басшысы Айгүл Жұмабаева Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының орынбасары Талғат Мамашевпен кездескенінде тілге тиек етті. Осы орайда  Айгүл Жұмабаева мен Талғат Мамашевтың «Caspionet» арнасындағы жаңа бағдарламалар туралы айтқан ой-пікірлерін ықшамдап жариялап отырмыз.
Айгүл Жұмабаева
 
Жаңа маусымға байланысты «Caspionet» жаңа жобаларды халық назарына ұсынып отыр. Біз осыған дейін тек ақпараттық хабарлармен бірге,  қазақтың салт-дәстүріне арналған «Атамекен»  ток-шоу бағдарламасын,  ұлттардың татулығына байланысты «Kazakshtan: A Recіpe for Frіendshіp», өнер жұлдыздары туралы «Celebrity world»  және  әр халықтың асханасын насихаттайтын «National cuisine»   секілді бірнеше бағдарламаларды  ұсынып келгенбіз.  Осы хабарларымыздың қатарын кеңейту үшін біздің арна шетелдегі қандастарымыздың арасында сауалнама жүргізді. Нәтижесінде, ол жақтағылар да танымдық бағдарламалар болса,  деген өтініштерін білдірді. Сондай-ақ, оларды елімізде болып жатқан барлық оқиға қызықтырады екен. «Мәдениет, әлеумет, саясат саласында болып жатқан жаңалықтарды да біліп отырсақ», – деген өтініштерін білдіріпті.   «Caspionet» арнасы енді осы  өтініш-тілектерді ескере отырып, әрі министрліктің  қолдау көрсетуі арқасында ақпаратттық-танымдылық хабарларды көбейтіп отыр.  Арна алтыншы қыркүйектен бастап халық назарына жаңа алты бағдарлама ұсынып отыр. Және бұл хабарлардың барлығы 3  тілде қатар жүреді. Бірінші бағдарламамыз «STEPPE TALES» деп аталады. Бұл бағдарламаны біздің арнадағы халықаралық редакцияның қызметкері Джонатан Ньюэлл деген ағылшын азаматы жүргізеді. Шетелдік әріптесіміз халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жалпы, дүниетанымын әңгімеге арқау етеді.  Бағдарламада автор қазы айналдырып, құрт-ірімшіктің дәмін көріп, беташар, тұсаукесер тойларын тамашалап, қаймағы бұзылмаған қазақ елінің дәстүрін еуропа жұртына таныстыратын болады. Екіншісі «PERSONA GRATA». Бұл бағдарлама елімізде қызмет етіп жатқан елшілер мен танымал шетелдік тұлғаларды көпшілікке өзге қырынан көрсетуді көздейді. Қазақстанда олар қалай тұрады? Қандай қызмет атқарады? Олардың жанұясы, жұбайы немен айналысады? Осы сауалдарға жауап алдық. Мәселен, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі әнге қызығады екен. Бұл бағдарламада елшілердің осындай жеке қасиеттері ашылып жатады. «MASTERS OF CREATIVITY» деген бағдарламамыз бар. Бұл қазақтың ұлттық қолөнерін, соның ішінде ата-баба дәстүрін жалғастырып жүрген шеберлер жайында сыр шертеді. Қазақстандық ғалымдардың алдыңғы қатарлы жаңалықтарын насихаттайтын «LIMITLESS SCIENCE» деген бағдарламамыз бар. Еліміздің экономикасының жай-күйін қозғайтын «THE REAL ECONOMY» деген бағдарламыз да халық назарына ұсынылды. Ең соңғысы «SOUNDS OF NOMADS» деп аталадыБұл бағдарламада домбыра дегеніміз не? Оны қалай дайындайды? Әуені қалай шығады? Осы сауалдарға жауап іздейміз. Тек домбыра емес, қобыз, тағысын тағы ұлттық аспаптар бар.

 

Бүгін біздің Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының орынбасары Талғат Мамашевпен кездесудегі мақсатымыз – осы бағдарламаларды ортақ талқыға салып, жаңа ұсыныстары болса, сол бағдарламаларға енгізу. Себебі, соңғы уақыттар біз осы қауымдастықпен тікелей  жұмыс істеп жатырмыз. Жыл сайын еуропа жерінде өткізілетін кіші құрылтай жұмысына шығармашылық тобымызды жіберіп тұрамыз.

Талғат Мамашев
 
Біз екі жыл бұрын «Caspionet»-ті қатты сынға алдық. Шетелдегі қандастарымыз бұл арнаның таза ақпараттық арна екенін түсінбейтін. Олар бұл арнадан айтыс, ойын сауық бағдарламалар көргісі келді. Мен оларға кездескен сайын «Жігіттер, «Caspionet» халық үшін емес, Қазақстанды шетелге таныту үшін ашылған арна» деп түсіндіремін. Бұл ағылшын, орыс тілінде Қазақстан туралы мәлімет тарату үшін құрылған. «Халықтың пікірімен санасу керек»,– деп Айгүлдерге де айтып қоямын. «Олар неге бізге қолайлы уақытта қазақша бағдарламаларды бермейді? Түнгі екіде жақсы бағдарламаларды жібереді», – деген уәждер де айтылады. Бүгінде әлемнің 40 елінде қандастарымыз тұрады. Бір Ресейдің өзінде Калининградттан Якутияға дейін қандастарымыз қоныстанған. Ресейде қазақтың бір мәдени орталығы болса, соның әр жерде 37 бөлімшесі бар. Сондықтан «Caspionet»  арнасының  әлемнің түкпір - түпкірінде тұрып жатқан қандастармыздың барлық  талаптарын бірден орындауға мүмкіндігі жоқ.  Мен оларға ұнаған бағдарламаларды жазып алуды ұсындым. Қазір технологияның дамыған заманы. Бүгінде қалаған дүниеңді интернеттен тауып алып, жазуға болады. Соңғы екі жылда осы ««Caspionet»-пен ортақ тіл тауып, жұмыс істеп жатырмыз. Елімізде  ақпараттарды шетелге тарату бар да,  шеттегі ағайындардың өмірін Қазақстанға насихаттау жоқ. Ал «Caspionet» сол міндетті атқаруда.
 
«Жас қазақ» 
- Шетелдегі қандастарымыздың ұлттық құндылықтарға, дәстүрге деген қызығушылығы қандай?
 
​Талғат Мамашев
-Олар қазаққа тиесілі барлық нәрсеге қызығушылық танытады. Біздің баратынымызды естісе, алдын ала «біз мынаны білгіміз келеді, мына әншіні ала келсеңіз» деп тапсырыстарын беріп жатады. Мен кейде осы жерде естімеген әндерді шетелден естіп жатамын. Осыдан он бес жыл бұрын шетелдегі ағайындарымызбен түсінісу өте қиын болатын. Ал қазір қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Интернетпен хат алмасып отырамыз.
 
«Жас қазақ»:
- Қазақстан туралы білу үшін газет, журналдарға жазыла ма? Қазақ газеттері ол жаққа қалай жеткізіледі?
 
Талғат Мамашев
- Бар шығып жатқан газет, журналдарды жазып алып оқиды десем өтірік айтқаным болады. Оның үстіне шекарадан өткізу де қиын. Қазақстанда шығып жатқан кітаптың он данасы бізге келеді. Енді соны Қытайға, Моңғолияға апарайын десең, алдыңда бекет тұрады. Біреуімен келіссең, екіншісі кедергі жасайды. Дегенмен, өткізуге тырысамыз. Бүгінде бір жақсы жаңалық, бар газеттердің веб сайттары бар. Газет шыққан күні бар материал сайтта жүреді. Кейбір кездері Түркиядағы достарым хабарласып, «Жас қазақ» газетінде мынандай мәселер қозғалыпты сіздің көзқарасыңыз қалай?» деп сұрап жатады. Мен пікірімді айтайын десем, ол газет менің қолыма әлі тимеген. Интернеттің құдіреттілігі – жылдамдығында.
 
Айгүл Жұмабаева
- Осы орайда  мен сырттағы ағайындар  үшін мынандай  жаңалық айтқым келеді. Біздер қазір «Caspionet» арнасының жаңартылған сайтын жасау үстіндеміз. Бұл сайт қараша айының соңында аяқталуы тиіс. Сайтта «online»  режимінде  трансляция жүргізіліп, шетелдік көрерменнің қалаған бағдарламасын тамашалауына немесе таспаға көшіріп алуына  мүмкіндігі болады. 
 
Жас қазақ:
- Телеарналардың ішінде «Caspionet»-тің алар орнын қалай бағалайсыз?
 
Талғат Мамашев
«Caspionet-те» болып жатқан хабарларға, әсіресе, Еуропада тұратын қазақтар қызыға қарайды. Олар тіпті жазып алады. Жаңа Айгүл Мұратқызы айтып кеткен бағдарламаларына тоқталсам. Жалпы мұнда жаңалықтар көп. Сіздер ретрофильмдерді беріп тұрады деген ойдамын. Шетелдегі қандастар мультфильмдер сұрайды. Бүгінде бәрі қаржыға келіп тіреледі. Сол себептен де, «Қазақфильм» басшылығы осы мәселені қолға алып, сіздерге отандық өнімдерді беріп тұрса, құптарлық іс болар еді. «Мақал-мәтел, жаңылтпаштарды жіберіп тұрыңызшы» деп жатады. Бір жыл бұрын мақал-мәтел жаңылтпаштарды топтастырып, «Ақбота» деген кітап шығардым. Жылда кітап шығарып тұруға шамамыз жетпейді. Ал «Caspionet» мақал-мәтелдерді беріп тұрса болады.
 
Айгүл Жұмабаева
- Мамашев мырзаның көркем дүниелдерге қатысты көтерген мәселесін орай айтайын дегенім, біздер «Казақ фильм» басшылығымен жуықта арнайы кездескен болатынбыз. Қазір өзара келісім жасалып жатыр, қараша айынан бастап, әр жексенбі сайын ретро және қазіргі заманға жасалып жатқан жаңа көркем фильмдер берілетін болады. Сондай-ақ демалыс күндерге  мультфильмдер мен деректі фильмдер қойып отырмыз. Жалпы, Қазақстанның шетелмен уақыт айырмашылығы 4-5 сағат шамасында болғандықтан, біздер бағдарламаларымызды соларға ыңғайлы мезгілге лайықтап қойып отырмыз. Ал, балалар бағдарламасына қатысты тағы айтып кетер жағымды жаңалық, біздің арнада қыркүйек айынан бастап, «Қазақстан» республикалық теле-радио корпорациясының жобасы «Айгөлек» бағдарламасын көрсетіп отырмыз. Жақында Ұлттық арнада «Балапан» арнасы тұсауын кесті. Бәлкім, осы жаңа бағдарлама да «Caspionet» арнасында  шетелдеге көрерменнің назарына ұсынылуы мүмкін. Бұл ауқымды жұмыстардың мақсаты – сырт елдегі қазақ жастары мен кішкентай бүлдіршіндердің туған тілі – қазақ тілін жоғалтып алмауына  ықпал етуге бағытталып отыр.
 
Талғат Мамашев
- Елімізде жағдайы жақсы оралмандар жетерлік. Соңғы он жылда бір миллионға жуық қандастарымыз елімізге келіп қоныстанды.  Бүгінде сырттағы ағайындар «бізге қоныс аударып келгендердің жағдайы қалай?» деп қызығушылық танытып жатады. Сіздер сол елімізде аяғынан тұрған орал мандарды түсіріп, арнаңыздан жіберіп отырсаңыздар. Олар сырттағы ағайындарға үлгі болар еді. Біз көбінде шертпе, төкпе күйлерді біле бермейміз. Қытайдағы қазақтардың тартқан шертпе күйлерін күй табаққа жинақтадық. Соны да арналарыңыздан жіберіп отырса болады. Мәдениет министрлігінің «Қазақтың 1000 әні, 1000 күйі» жобасы – алтын қазына. Министр маған 1000 күйдің 40 данасын беремін деген. Берген жағдайда мен оны шетелдегі қазақтың мәдени орталықтарына бір данасынан жіберемін. Сіздер де министрліктен бір данасын алып, әр бағдарлама ішіне салып отырсаңыздар, алыстағы ағайындарымыз үшін пайдасы көп болар еді.  «Caspionet»-пен алдағы уақытта да жұмыс істейтін боламыз. Сіздердің ұсынып отырған жобаларыңыз маған ұнады.
 
Айгүл Жұмабаева
- Мамашев мырза, өз сөзінде сыртта жүрген ағайындардың Қазақстанға келуі, олардың қоғамға бейімделуі туралы хабарлар жасау туралы тілге тиек етіп отыр.  Бұл туралы да біздің ойымызда үлкен жоспарлар бар. Біздер бұрын бұл мәселені 5 минуттық тележурналдарымызда көтеріп келген болатынбыз. Енді келешекте осы  мәселені кеңірек жеткізу үшін оралмандарға арналған «Нұрлы көш» деген жаңа бағдарлама жасауды ойластырып отырмыз. Бұл жоғарыда айтқан пікірге түгелдей қолдау көрсетіп, қауымдастықпен  бірігіп, ынтымақтастықта еңбек етіп отырғанымызды көрсетеді. 


Елдос Өмірзақ
22.11.10
«Жас қазақ»