Қазақтың ішкі жан дүниесін қазақ журналисінен артық ешкім дәл бере алмайды

Қазақтың ішкі жан дүниесін қазақ журналисінен артық ешкім дәл бере алмайды

Айгүл Мұратқызы, Caspionet арнасының директоры:

– Ресми тілмен айтсақ, «Жаңа әлем­дегі жаңа Қазақстанның» жа­ғымды имиджін қалыптастыру жо­лын­да қазақ журналистикасы қыруар жұмыс атқаруда. Мұны батыл айтуға болады. Осы бағытта, әсіресе сіз же­текшілік етіп отырған арна ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Қазақты әлемге танытуға талпынып отырған арнаның бүгінгі тыныс-тіршіліктері қалай?

– Біздің арнамыз осыдан жеті жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2002 жылдың 25 қазанында ресми түрде өз жұмысын бас­тады. Бүгінгі заманның сапырылысқан ақ­парат кеңістігінде берік орын алған Caspionet аз ғана уақыт аралығында өзінің қолтаңбасын айқындап үлгерді десек те болады. Негізінен, өзге мемлекеттер алдында Тәуелсіз Қазақстанның жағымды имиджін қалыптастыру жолында еңбек ететін арнаның ақпараттық бағыты ең алдымен мемлекет мүддесі үшін қызмет етеді. Сондықтан да аптаның толық жеті күні бойы үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде үздіксіз жұмыс істей­тін бұл тұңғыш қазақстандық спутниктік тележобаның ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда атқарар жүгі мен қолға алған мақсат-міндеттері орасан зор. Арнадағы мемлекеттік қазақ тілінің пайдалану көр­сеткіші таза 50 пайыз, ал ағылшын, орыс тілдерінің үлесінде 25 пайыздан. 

– Арнаның таралу ауқымы қандай мемлекеттерді қамтиды? Шамамен қанша көрермендеріңіз бар?

– Қазіргі уақытта біздің көрер­мен­де­ріміздің саны орта есеппен алғанда 99 мил­лионға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш әлі де өсу үстінде. Еліміздің бас телеарнасы саналатын «Ха­бар» агенттігінің құра­мындағы арналар ішіндегі ең жасы болып есептелінетін Caspionet спутник арқылы Еуропа, Таяу Шығыс, Кавказ өңірі, Орталық Азия, Ор­талық Шығыс елдері мен Афри­каның сол­түстік аумағында қабылданады. Алдағы уақытта Молдова, Литва сияқты басқа да шетелдермен қоса, Каспий аума­ғын түгел қамтып, қазіргіден де ауқымды ақпараттық қызмет көрсетуге күш салып жатырмыз. Бұған қоса спутниктік табақ­шалар арқылы тараумен қоса, бірте-бірте қосымша ка­бел­дік жүйеге көшу жоспарда бар. Әлем­нің әр түкпіріндегі арна көрер­мендері Қа­зақстанның және шеттегі қазақ диаспорасы өкілдерінің тыныс-тіршілігі жөнінде де ба­рынша толық, объективті ақпарат ала ала­ды. Біздің тілшілер дайын­даған материал­дарда елімізде болып жат­қан негізгі саяси оқиғалар жөнінде, эко­номика, ғылым-білім, спорт және басқа да салалардағы жетістіктеріміз жан-жақты сөз болып, қазақ халқының рухани-мә­дени тыныс-тіршілігіне де қатысты жаңа­лықтар жайлы ақпарлар берілуде. Алғаш­қы кезеңдерден бастап-ақ ақпараттық ба­ғыт ұстанған арнамыздың 55 пайызын әр жарты сағат сайын 10 минутта беріліп тұратын жаңа­лықтар топтамасы құрай­ды. Біз өз өнімі­мізбен қатар әріптестік бағ­­дар­ламалар аясында әлемнің алдыңғы қа­тарлы ақ­параттық агенттіктерінің соңғы жаңалық­тарын да ұтымды пайдаланып келеміз. 

Жұмыс күндері арна бағдарламалары әр сағат сайын жаңа тіл ұстанымы бойынша өрбіп отырады. Ал демалыс күндері екі са­-ғаттық тілдік ауысым принципін ұстанамыз. Бағдарламалар ішіне саяси, іскерлік, қар­жылық, спорттық жаңалықтар еніп, де­ректі және көркем фильмдер, балаларға арналған туындылар, тарихи-этногра­фия­лық бағыттағы хабарлар мен театр қойы­лымдары, классикалық және фольк­лорлық әуендер, эстрада музыкасы ше­бер­лерінің концерттерімен толықты­ры­ла­ды. Әрине мұндағы басымдықты қазақ тіліне, өзіміздің ұлттық өнерге береміз.

– Қазіргі көрерменнің талғамы бө­лек. Сондықтан болар, кейбіреулер «мемлекеттік электрондық ақпарат құралдары бүгінгі қоғамның тек жақ­сы жақтарын ғана көгілдір экран ал­дына шығарады» деген пікір қалып­тастыруда. Өміріміздегі өзге де проб­ле­маларға мұндай арналардан орын жоқ па?

– Реті келгенде маңызды саяси-эко­номикалық проблемаларды, ұлтқа қатыс­ты кейбір өзекті мәселелерді біз ешқашан айналып өткен емеспіз. Кез келген мем­лекет өзгелердің алдында абыройлы болып көрінгісі келетіні ақиқат. Сондықтан біз де өз тарапымыздан қазақтың бар кем­шілігін аршып алып, әлем жұртшылығы алдында ұпай жинай алмаймыз. Қазақта «Жақсылығын асырып, жамандығын жа­сырып...» деген сөз бар. Ал бізге қарата «шындықты айтпайды, ана жағдайды көр­­сетпейді, мына жағдайды назардан тыс қалдырды» деген желсөздерді өз ба­сым орынсыз айыптау деп есептеймін. Саяси-әлеуметтік проблемалары жоқ мемлекет болмайды, алайда біз тек қана позитивті дүниелерімізді сыртқа шыға­рып, насихаттау арқылы басқалардың бізбен санасуына мүмкіндік туғызамыз. Айдың арғы бетін қанша жарнамаласаң да оны ешкім көре алмайды. Жақсы нәрсе ғана жақсы пікір тудыратынын ұмытпаған дұ­рыс.

– Айтпақшы, әншейінде телеарна­лардағы жарнамалардан мезі болып жүретін жұрт Caspionet-те неге көз үйренген қызылды-жасылды жарна­ма жоқ деп таңдануы мүмкін...

 – Біз бәрінен бұрын бірінші ақшалай пайданы ойлап отырған жоқпыз. Мақса­тымыз мүлде бөлек. Біз жасаған жұмыстың мемлекетке келер пайдасы әлгі жарна­маң­нан түсетін пайдаңнан әлдеқайда ар­тығырақ. Ал жоғарыдағы әңгімеге қайта оралатын болсақ, қазіргі кезде қоғамның көлеңкесін ғана көргісі келетіндер үшін таңдау өте жоғары емес пе? Жағымсыз жаңалықтар мен атыс-шабыс, зорлық-зомбылық туралы жазып, көрсететін ақ­парат құралдары онсыз да жетіп-арты­лады. Таңдау өз еркіңізде. Бұл аз десеңіз, ғаламтордың «ғаламаттары» тағы бар. Әйтсе де біз басқалармен бәсекелестік жағ­дайда жұмыс жүргізе отырып, мил­лион­даған аудиторияны жаулап отырмыз. Ендігі кезекте сол көрермендеріміздің қатарының көбеюіне еңбек етуіміз керек. Себебі сырт көзбен қарағанда Қазақстан сынды жас мемлекетіміз туралы толық­қанды түсінік әлі дұрыс қалыптасып үл­герген жоқ. Дегенмен алғашқы жылдар­дағыдай емес, қазақ десе, Қазақстан десе өзімізді өзгелермен тең дәрежеде қоя алатындай халге жетіп қалдық. Бұл әрине, біріншіден мемлекетіміздің ұтқыр саяси ұстанымының арқасы деп білемін. Деген­мен бұл жолда ел жетістіктерін әлемге паш етіп жүрген Caspionet арнасының да өз үлес-салмағы бар деп есептеймін.

Туған елімізді, тамаша жерімізді алғаш рет көрген шетелдіктер бізге таңданумен болады. Өткенде ғана ағылшын футбо­листері келіп таң-тамаша күй кешіп кетті. Десек те шеттегілер бізге келмей тұрып таң­ғалатын болса, үлкен жетістік болар еді. Қашанғы «біз Ресей мен Қытайдың ор­тасындағы посткеңестік мемлекетпіз» деп ежіктеп жүреміз? Қазақстан – Еуразия кіндігі, өркениеттер тоғысатын орталық. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан туралы насихат жұмыстары әлі де болса күш салуды қатты қажет етеді. 

– Шетелдегі қазақ диаспорала­ры­мен байланыстарыңыз бар ма?

– Ел мүддесін көздеген мақсатты жо­баларымызды жандандыру жолында біз­дер көптеген беделді халықаралық ұйым­дармен, түрлі қоғам, қауымдастықпен ты­ғыз қарым-қатынастамыз. Мысалы бір ғана Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығы­мен бірлесіп жүзеге асырып отырған іс-шараларымыз баршылық. Біз өз жері­міз­дегі отандастарымыздың жемісті жеңістері мен жетістіктерін ғана жіпке тізгендей жар­қыратып көрсете бермей, шетте жүр­ген қандастарымыздың да бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы жағымды материалдар беруді парызымыз деп санаймыз. Осыған байланысты біз «Атамекен» атты үлкен те­лежобаны іске қостық. Бұл бағытта арнайы түсіру тобы жасақталып, шетелдерге ісса­парларға шығып жүр. Бүгінде редакция­мызға және электронды сайтымызға әлем­нің әр бұрышынан түрлі хаттар мен тың ұсыныстар, шақыртулар келіп жатады. Әсіресе шетелде тұратын қазақ диаспо­расының өкілдері туған тіліміздегі мәдени-танымдық, концерттік, ойын-сауық бағ­дарламаларды көптеп көрсетсеңіздер екен деп сұрайды. Осы сұранысты қана­ғаттандырып біздер кестемізге «Хабар», «Еларна» телеарнасының үздік бағдар­ла­маларын да қостық. Баяғыда тілге қатысты «50 де 50» заңдылығын орындайтын кез­де көптеген телеарналар бос тұрған уақыт кеңістігін сапасыз дүниелермен, жарым­жан аудармалармен толтыруға мәжбүр болды. Қазір Құдайға шүкір, «Міне!» деп көрсететін жетістіктеріміз, өнер туындыла­ры мен жұлдыздарымыз баршылық.

– Үш тілде хабар таратудың өз қиын­дықтары бар екені белгілі. Тіл мамандарынан тапшылық жоқ шы­ғар?

– Біз осы арнаны ашқан кезде бастап­қыда телевизия техникасының тілін білетін мамандарға, режиссерларға, аудармашы­ларға, бірнеше тілді бірдей меңгерген жур­налист-редакторларға зәру едік. Ме­ніңше, барлық жерде солай болған. Осы­ның салдарынан алғашқы хабарлары­мызды амалсыз алдымен орыс тілінде, со­сын ағылшын тілінде, ең соңынан барып қазақ тілінде жасауға мәжбүр болған жайы­мыз бар. Қазір керісінше, өзіміздің қазақ жастарының арасында мықты тех­ника мамандары мен шебер журналистер өсіп келеді. Міне, солар қазақ елінің жаңа­лықтарының жаршысы болмақ. Мемле­кеті­міздің өзі Үш тұғырлы тіл саясатын ұстанып отырған тұста біздің арна да осы мақсатта нақты жұмыс жүргізіп келеді. Бірақ әңгімеміздің басында атап өткені­міздей, мұндағы басымдық алдымен мем­лекеттік тілге беріледі.

Тағы бір айрықша атап өтетін жағдай, Caspionet-ті күнделікті көру арқылы тіл үйренуге де болады. Арна басшылығында жүріп өзім мән бермеген мұндай құбы­лысты кейбір әріптестерім аңғарыпты. Қа­рапайым ғана мысал келтіре кетейін: ар­нада алдымен қазақ тіліндегі жаңалықтар топтамасы не болмаса белгілі бір бағдар­лама көрсетіледі, артынша осылардың орысшасы, бұдан соң ағылшыншасы бе­ріледі. Мұндай жағдай күнде қайталана бергеннен соң кейбір сөздердің аударма­сы мен мән-мағынасын түсіне бастайсың. Егер осы үш тілдегі хабарларды тұрақты түрде көретін болсаңыз, араға біраз уақыт салып барып орысшаны айтпағанның өзінде ағылшын тілінде еркін сөйлей ал­масаңыз да, оны бір кісідей жеңіл қа­былдап, жақсы түсінетін боласыз. Мен мұны әншейін қызықтыру үшін айтып отырғаным жоқ. Нақты тәжірибеде шын мәнінде солай. Тіпті кейбір тіл үйретуші репетиторлар да өз шәкірттеріне осы арнаны көруге кеңес береді екен. Ағылшын тілін үйретуге негізделген электронды бағдарламалар да осындай принциппен жұмыс істейді емес пе?

– Бүгін қазақстандық журналистер төл мерекесін атап өтуде. Жалпы, қа­зіргі қазақ журналистикасы өзіне жүк­телген міндеттерді атқара алып жүр ме?

– Біздер не нәрсені болса да салыс­тырып қарауға құмармыз. Белгілі бір дә­ре­жеде бұл дұрыс та шығар, бірақ әр затты өз атымен атағанымыз дұрыс. Ал қазіргі қа­зақ журналистикасына қатысты айтар бол­сам, соңғы кездерде бұл салада ілге­рілеу басым. Мен Америка мен Еуропаның журналистері мен біздің әріптестерді са­лыстырғым келмейді. Біз әртүрліміз. Олар­мен ортақтасатындай тілдеріміз де бөлек. Шетелдегілер ғана шеттерінен мықты, бә­рі білімді деген бос сөз. Мен қызмет ба­бымен шетте көп жүрем. Әрине бізге әлі де көп тәжірибе жинақтау керек. Бізде шы­ғармашылық саладағы мамандар жет­кілікті де техника тетігін іліп әкететіндер аз. Өкінішке қарай, журналистикаға жаңа ке­ліп жатқан бүгінгі жастардың көбі газет-журнал оқымайды, теледидардан жаңа­лықтар қарамайды. Басқа-басқа, журна­лист болғысы келетін адам өмір бойы оқып, ізденіп жүруі керек. Әйтсе де бүгінгі қазақ журналистикасының аяқалысы жа­ман емес. Әлбетте, өзгелердің біз туралы түсінік-пайымы дұрыс болғаны абзал. Қалай болған күнде де қазақ туралы қа­зақтың өзі айтқаны құндырақ әрі нанымды болмай ма? Бұл ретте айтып өтер тағы бір мәселе, қазақтың ішкі жан дүниесін, оның ұлттық болмыс-бітімін қазақтың өзінен асып, қазақ журналисінен артық ешкім тап басып, дәл бере алмайды. Байқа­саңыздар, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ журналистикасы әлсіз еді. Әсіресе ұлттық мәселелерге келгенде жұм­ған ауыздарын аша алмайтын. «Төр­тінші билік» деп айдар таққан журна­листиканың жалауы бүгінгі демократиялық қоғамда еркін желбірей бастады. Кей­біреулер «сөз бостандығы жоқ» деп қанша қынжылғанымен, біздің қоғамда ой ер­кіндігі жоқ дей алмаймыз. Әрбір отандық бұқаралық ақпарат құралдары әртүрлі принцип ұстанғанымен, олардың түпкі міндеттері мемлекет мүддесіне қызмет ету болып табылады.

– Сіз Мәскеу қаласында дүниеге келіпсіз. Қазақ мемлекеттік ұлттық уни­верситетінің журналистика фа­куль­тетінде оқып, Халықаралық биз­нес академиясында «жалпы және стра­тегиялық менеджмент» маман­дығы бойынша білім толықтырдыңыз. Тағы да оқуыңызды жалғастыру ойыңызда бар ма?

– Оқу-білім адамға ешқашан артықтық етпейді. Әзірге осы уақытқа дейін алған білімім мен тәжірибемді қызмет бабында жүзеге асыруға күш салсам деймін. Жал­пы, журналистің әр күні тәжірибе, әр сәті сынаққа толы. Біздің кәсіп босаңдықты, еркелікті көтермейді. 

– Сіздің Алашорданың белді өкіл­дерінің бірі, қазақтан шыққан тұңғыш адвокат Райымжан Мәрсековтің ұр­па­ғы екеніңізді көпшілік біле бермейді. Естуімізше, сіз осындай қайраткер тұлға туралы деректер жинап, арнайы кітап шығаруды қолға алып жүр екенсіз...

– Көпшілігіміз Алашорда дегенде оншақты фамилияны мүдірмей тізіп айтып бере аламыз. Алайда Райымжан Мәрсеков сынды ұлты үшін еңбек етіп, жанын қиған тарихи тұлғалар туралы көп біле бер­мейміз. Алаш қайраткерлерінің әлі де қан­шамасы зерттеп-зерделеуді қажет ете­ді. Атамыздың кезінде жазып қалдырған еңбектерін парақтап қарап отырып қатты қайран қалдым. Осы уақытқа дейін маңы­зын жоймаған әр сөзінің зілдей салмағы бар. Қандай игілік болса да, қандай жақ­сылық болса да қазаққа болсын дейтін сол кездегі зиялылардың айтқандарын айна-қатесіз, сол күйінде бүгінгі қоғамға да ай­туға болады. Біраз тарихшы, қаламгер аға­ларымыздың бұл кісі жөнінде қазақ тілінде жазылған аз-кем зерттеулері бар екен. Қазір соларды толықтырып, бас-аяғын құрастырып қазақшаға қосымша орыс тілінде де кітап етіп бастырмақпын. Мұндағы мақсат– осындай қайраткерлер туралы өзгелер де оқып-білсін деген ниет. Райымжан Мәрсеков журналист ретінде де өткір пікірлер айтып, «Сарыарқа» газе­тін шығаруға тікелей атсалысқан. Мұнымен қатар ол кісінің өткір мақалалары «Айқап», «Қазақ» басылымдарында да жарияланып тұрған. Озық білімге ұмтылып, Санкт-Пе­тербург университетінің заң факультетінде оқыған. Кейін елге келіп біраз жауапты қызметтер атқарған тұста қуғын көріп, Қытайға кетіп қалған. Өз заманында бел­гілі себептермен шетел асқан азаматтар­дың өмір жолдары толық зерттелін­беген­дігінің бір себебі – оларға қатысты біздің мұрағаттардағы мәліметтердің жұтаң­дығы. Жалпы Алаш қайраткерлері туралы зерт­теулер жүргізу тарихшы мамандардың ғана ісі деп қарауға болмайды. Осы мақ­сатқа журналистер қауымы да бір кісідей жұмылуы тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бір мысал

Кезінде Қазақстанға Рим папасының келуін бүкіл әлемнің телеарналары көрсетті. Ертесінде үйде отырып спутник арқылы берілетін шетел арналары бұл жаңалықты қалай тарқатады екен деп әдейі зер сала бастадым. Сонда бірқатар елдің арналары біздің ел туралы мүлдем теріс пікірде екендігіне көз жеткіздім. Өзім ағылшын тілін жетік меңгергеннен кейін шетелдіктердің не айтып отырғандықтарын түсініп отырмын. Кейбіреулері бізді тіпті Ауғанстан, Түрікменстан, Тәжікстан сынды елдермен қатар қойып, қазақтар әлі көшіп-қонып, есек арбаға мініп, қышлақта тұрады деген де пікірлер айтқан. Шеттегілердің түсінігінде «стан» деген жалғауы бар елдер дамымай қалғандардың қатарында болса керек. Біздің арна осындай кереғар пікірлерді түбегейлі өзгертуде айтарлықтай үлес қосып келеді. Дәл қазіргі жағдай мүлде басқаша. Қазақстан өте қысқа мерзім ішінде өзін әйгілеп, әлемдік аренадан айтулы орнын белгілей білді. Осының бәрі, қайталап айтар болсам, өз жетістіктерімізді өзгеге паш ете білгенімізде.


Алмат Мұратұлы
Алматы 
27 маусым 2009, 18:52 
Алаш айнасы