«Caspionet» – мүмкіндігін кеңейтпек

«Caspionet» – мүмкіндігін кеңейтпек

Осыдан 8 жыл бұрын Қазақстанда құрылған тұңғыш спутниктік «Caspionet» теле­арна­сы биылғы маусымда шетелдегі көрермен­дерін жағымды жаңа­лықтармен қуантпақ. Аталмыш арна 6-қыркүйектен бастап, тың жобаларын эфирге шығара бастады. Біз соны бағдарламалар­дың бағыт-бағдарын білу үшін «Caspionet» телеарнасы қазақ бөлімінің шеф- редакторы Гүлжайнар Сүлейменованы әңгімеге тартқан едік.

 

- Гүлжайнар Қайымқызы, өзіңіз еңбек ететін арнада жаңа маусымда жарық көретін жағымды жобалар жайлы айта отырсаңыз...

- Биыл біздің арна жаңа маусымға бірқатар жаңа жоба дайындады. Жалпы, бұрында «Caspionet» телелеарнасында бірнеше көлемді бағдарламалар болған, ал қыркүйектен бастап жұртшылыққа ұсынылатын осы хабарлардың қатары тағы да еселеніп отыр. Өздеріңіз жақсы білесіздер, «Caspionet» арнасы -3 тілде, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бірдей хабар тарататын арна. Сондықтан жаңа жобаларымыз да сол дәстүрден ауытқымай үш тілде эфирге тарайды. Нақ­тырақ тоқталсам, бұл бағдарлама­лардың аталуы ағылшын тілінде. Өйткені Еуропа жұртшылығы және сыртта жүр­ген ағайынның тек латын әліп биімен сауаттанғанын ескере отырып, көпші­лікке ұғынықты болсын деген ниетте ортақ шешім қабылдаған болатынбыз. Біріншісі - «STEPPE TALES» хабары. Бұл бағдарламаны біздің арнадағы халықаралық редакцияның қызметкері Джонатан Ньюэлл деген ағылшын азаматы жүргізеді. Шетелдік әріптесіміз халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жалпы, дүниетанымын әңгімеге арқау етеді. Тек ағылшын тілінде жүретін бағдарламада автор қазы айналдырып, құрт-ірімшіктің дәмін көріп, беташар, тұсаукесер тойларын тамашалап, қай­мағы бұзылмаған қазақ елінің дәстүрін еуропа жұртына таныстыратын болады. Бұл хабар «Caspionet» арнасындағы «Атамекен» ток-шоу бағдарламасында көрсетіліп жүрген ұлттың салт-сана­мызға шетелдіктердің қызығушылығы оянып отырғандығын дәлелдей түседі. Әрине, хабардың қызықты көріністерін тамашалағысы келген көрермендер әрі ағылшын тілін терең білгісі келетін отандастар осы бағдарламадан өздеріне қажетті көп мағлұмат алады деп ойлай­мын.
Ал «PERSONA GRATA» хабары орыс тілінде дайындалады. Бұл өзі аты айтып тұрғандай, Қазақстанда қызмет етіп жатқан елшілер мен танымал шетелдік тұлғаларды көпшілікке өзге қырынан көрсетуді көздейді. Кәмила Қамназа­рованың авторлық бағдарламасы ресми өкілдердің бейресми сұхбаттарын, олар­дың отбасы, саясаттан тыс өмірін, елші­нің Қазақстанға деген көзқарасын баян­дайды. 
«MASTERS OF CREATIVITY» бағдар­ламасы, бұл қазақтың ұлттық қолөнерін, соның ішінде ата-баба дәстүрін жал­ғастырып жүрген шеберлер жайында сыр шертеді. Аталмыш бағдарламаны қазақ тілінде жүргізетін журналистер ұлтымыздың тағылымы мол мәдениеті тереңде жатқандығын хабардың кейіп­керлері арқылы жеткізетін болады.
«LIMITLESS SCIENCE» - қазақстан­дық ғалымдардың алдыңғы қатарлы жа­ңалықтарын насихаттайды. Қазақ тілін­дегі мағынасын айтар болсақ, «Ше­к­ара­сыз ғылым» бағдарламасы арқылы жұрт­шылық түрлі зертханаларда жаса­латын өте күрделі тәжірибелерге куә болады.
«THE REAL ECONOMY» - экономи­каның жай-күйін қозғайды. Мәселен, Елбасымыз көптеген елге ресми сапарға шығып, талай екіжақты келісімдерге қол жеткізіп жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесі, бірлескен кәсіпорындардың жұмысы, Қазақстанға инвестиция тарту мәселелері қағаз жүзінде емес, қазіргі таңда қоғамда шынайы қолға алынып жатқанын айтып береді. 
«SOUNDS OF NOMADS» хабарын өзім дайындаймын. Көлемі жағынан қысқа болса да, сырт елге, қазақ елінің ұлттық аспаптарын насихаттауда атқарар ауқымы үлкен дүние деп ойлаймын. Қазақ халқының төл мәдениетін кеңірек түсіндіру мақсатында, барлық халыққа ортақ ұғым музыка арқылы ұлттық саз аспаптары, оның ерекшеліктері туралы әңгімелейтін боламыз.

- Жалпы, ата қонысынан жырақта тұратын ағайындар осы хабарлар арқылы елден тұшымды ақпарат алады деп сенуге болады дейсіз ғой...

- Әрине, бүгінгі таңда еуропаның 40-тан астам мемлекетінде 5 миллионнан артық қандастарымыздың тұрып жат­қанын ескерер болсақ, осы жаңа жобалар алдымен солардың көз қуанышына айна­латындығын баса айтқым келеді. Сондай-ақ бұл бағдарламалар Қазақстан Респуб­ликасы Байланыс және ақпарат ми­нистрінің тікелей қолдауымен жүзеге асып отыр. Министрлік сырттағы аға­йын­ға, жалпы, Қазақстаннан өзге мем­лекетке қоныс аударған отандастарға еліміз жайында жан -жақты ақпарат беруді, олар мемлекетімізде қолға алы­нып жатқан жағымды дүниелерді естіп-біліп отыруы қажеттігін баса тапсырған болатын. Бұл бастаманы журналистер қауымы да үлкен ықыласпен қабылдап, қазір шығармашылық ізденістерін шың­дай түсуде. Тағы бір айта кететін жайт, біздің министрлік Қазақстандағы тұңғыш спутниктік «Caspionet» арнасының мүм­­кіндігін кеңейтіп, ақпараттық кеңістікке жол ашып отыр. Бұл - бір жағынан, Елбасымыздың үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру мақсатындағы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін терең меңгерудің бірден-бір тәсілі болып отыр деп айтсақ, қателеспейміз.

- «Caspionet» арнасы журналис­терінің шетелдерге жиі барып, алыстағы ағайыннан хабар алып келетіндей мүмкіндіктері мол сияқты...

- Көпшілік хабардар деп ойлаймын, 2002 жылдан бері Еуропаның он шақты мемлекетінде «Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы» жыл сайын өткізіліп тұрады. Бұл бастаманың дәстүрге айна­луына Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығы мұрындық болып отырғандығын ерекше атап өткім келеді. Елбасымыз төрағалық ететін қауымдастық атаме­кеннен алыстағы ағайынның мұң-мұқ­тажын ескеріп, тілдің, діннің, ұлттық құндылықтардың жоғалып кетпеуі жолында көп жұмыстарды атқаруда. Енді жоғарыдағы сауалға оралатын бол­сақ, «Caspionet» арнасының жур­на­листері осыған дейін Франция, Германия, Норвегия, Ұлыбритания, Венгрия, Моңғолия сияқты мемлекеттерде өткі­зілген құрылтайларға қатысып, алыстағы қандастарымызбен қауышып қайтқан болатын. Биылғы құрылтай Австрияның Вена қаласында ұйымдастырылды. Мұн­дай басқосуларға барғанда біздер алды­мен қандастарымыздың тыныс-тіршілігін көріп, айналысып жатқан кәсібін, ілім-білімін хабарымызға арқау етуге ты­ры­самыз.

- Австрия жерінен алған әсеріңізбен бөліссеңіз...

- Алған әсерім ұшан-теңіз. Венаның «Еуропаның жүрегі» деп аталуы тегіннен тегін емес. Салтанаты мен сәулеті жарас­қан шаһарды көріп, көңіліміз тасып, көзайым болдық. Мыңжылдық тарихы бар қалада қазақ азаматтарының тұрып жатқаны бізді де қуантқаны рас. Қазір Австрияда 20 шақты қазақ отбасы тұра­ды екен. Осыдан 37 жыл бұрын Түркия жерінен қоныс аударған ағайындарымыз әуелде тері өндірісімен айналысқан, кейін осы саланы кеңейтіп, Еуропа жерінде өз саудаларын дөңгелетіп отыр. Балалары да жоғары білімді. Сондай-ақ биыл еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырғаны белгілі. Осы беделді ха­лықаралық ұйымның тізгінін қолға алған Қазақстанның Вена қаласында тұрақты өкілдігі ашылған еді. Осы ұйымның атқа­рып жатқан жұмыстары туралы да то­лымды ақпарат бертін телехабарлар даярлап қайттық. Жалпы, Австрия жері­нен қоржынымыз толып қайтты деп айтуға әбден болады. «Атамекен» бағдар­ламасына қазақ шежіресі, қыз жасауы, сүндет тойды өткізу сияқты дәстүрлерді сақтаған ағайындар туралы тың дүниелер әкелдік. Осының бәрін қазақстандық көрермен жақын арада «Caspionet» ар­на­сы арқылы тамашалай алатын бо­лады.

Қаншайым Байдәулетова
Алматы 
09.09.10 
Айқын