Жаһан қазақтары: Туған күнің құтты болсын, «Kazakh TV»!

Жаһан қазақтары: Туған күнің құтты болсын, «Kazakh TV»!

АСТАНА. 21 қазан. BAQ.KZ – Еліміздің тұңғыш спутниктік телеарнасы «Kazakh TV»-ның құрылғанына биыл 11 жыл. Әлемнің 93 еліне тарайтын телеарна бұл күнде жаһан қазақтарының да ыстық ықыласына бөленіп келеді. Мерейлі сәтке орай әлем қазақтарына интернет арқылы үш әліпбиде жағымды жаңалықтар жариялап келе жатқан Baq.kz поштасына алыстағы ағайыннан ақ жарма құттықтаулар келіп түсті. Үш тілде хабар тарататын сүйікті арнамызды біз де 11 жылдығымен құттықтай отырып, әлемдегі абыройың арта берсін деген тілек айтамыз.  

 Абдұлқаюм КЕСИЖИ: (Германия, Мюнхен)
– «Kazakh TV» – Қазақстан Республикасының тұңғыш ұлттық спутниктік телеарнасы екені барша жұртқа аян. Жат елдегі, соның ішінде Еуропа елдеріндегі қазақтар көбірек шоғырланған Германия, Франция, Ұлыбритания, Австрия, Голландия, Швеция, Дания, Норвегия және Швецарияда тұратын ағайындар үзбей көретін «Kazakh TV» алыстағы ағайынды ғана емес, барша шетел жұртшылығын әлемдегі және Орта Азия мен Қазақстандағы жаңалықтардан хабардар етіп, ұлттық болмысымызды паш етуде елеулі еңбектер етіп жатыр. Ол Қазақ елі мен шетте жүрген 5 миллиондай қазақтың байланысын нығайтып, олардың тыныс-тіршілігінен барлығымызды хабардар етіп отыр. Kazakh TV-ның шаңырақ көтергеніне 11 жыл болған мерейлі сәтпен барша қазақты құттықтай отырып, телеарна ұжымына табысты қызмет тілеймін!

Абдұлсәмет АЛТАЙ: (Франция, Париж қаласы)
– «Kazakh TV» телеарнасын 11 жылдық тойымен құттықтаймын. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін шетелде тұратын қазақтар Қазақстан туралы толық хабар-ошарға қолы жетпей, көп жаңалықтардан құр қалатын. Қазақстанның газет-журналдары мен кітаптары қолымызға тисе де Кирилл әліпбиін оқи алмағандықтан тағы бәрінен бейхабар болатын едік. «Kazakh TV» қалай хабар тарата бастады, біз әлем қазақтарының көңіліне де қуаныш орнады. Қазақ елі туралы толық ақпараттарға ие бола бастадық. Бізге «Сәлем-әлем», «Атамекен», «Ағайын» бағдарламалары қатты ұнайды. «Kazakh TV» тартымды, танымды бағдарламаларымен қоса шетте жүрген біз сияқты қазақ ағайындардың тіл үйренуіне үлкен үлес қосып отыр. Kazakh TV-ны тағы да құттықтай отырып, телеарна ұжымына шығармашылық табыс тілеймін!

Әбдіуақап ҚАРА: (Түркия, Ыстамбұл қаласы)
– Түркиядағы қазақтар «Kazakh TV»-ны 11 жыл бұрын хабар тарата бастағаннан бері үзбей көріп келеді. 2000 жылдардың басында шетелдерге тарайтын қазақ телеарнасы жоқ еді. Тілді ұмытпай жетілдірудің ең басты құралы бола алатын қазақша бір арнаның болуын армандайтынбыз. Өйткені, Қазақстан жаңалықтарын дер кезінде естіп білу, қазақтың ән, күй, киноларын тамашалау бізге ауадай қажет еді. Ол кезде интернет бүгінгідей дамымаған. Қазір кез-келген телеарнаны интернеттен де тамашалауға болады.
Түркияның ғана емес, Еуропаның барлық елдерінен көруге болатын қазақстандық телеарнаның «Caspionet» деген атын «Kazakh TV»-ға өзгерткені жақсы болған. Себебі, бұл телеарнаны шетел жұртшылығы түгел тамашалайды. Менің бірқатар түрік таныстарым тұрақты көріп отырады. Олар «Kazakh TV» деген атаудан бірден мұның Қазақстан телеарнасы екенін біледі. Ел жаңалықтарынан хабардар болып қана қоймай қазақ ән-күйлерін, киноларын тамашалауға, сондай-ақ, түрлі мазмұндағы бағдарламаларды көруге үлкен мүмкіндік беріп келе жатқан «Kazakh TV» арқылы ана тілін дамытып жүрген жастар да жетерлік. Үстем мәдениеттердің кіші әрі әлсіз мәдениеттерді аждаһадай жұтып жатқан бүгінгі жаһандану кезеңінде қазақ мәдениетін әлем елдеріне таныстыру барысында «Kazakh TV» өте маңызды. Ол қазақтың жетістіктері мен мәдени құндылықтарын Қазақстан шекарасынан тыс аймақтарға таныстырып насихаттау қызметін атқаруда. Бұл деген Қазақ елі үшін орасан зор пайда. Демек, «Kazakh TV» тек шетелдегі қандастар үшін ғана емес, сонымен бірге әлемдегі өзге халықтарға Қазақстанды таныстыру үшін де үлес қосуда. Яғни, шетелдерде қазақ диаспорасы болмаған күннің өзінде «Kazakh TV» сияқты бір телеарна бүгінгі халықтар бір-бірімен жиі араласып танысып жатқан дәуірде тіпті де қажет еді. Осындай жүкті арқалай білген «Kazakh TV»-ны 11 жылдық атаулы күнімен шын жүректен құттықтаймын. «Kazakh TV» – біздің атамекенге қарайтын тереземіз іспетті. «Kazakh TV» арқылы алыстағы ағайын сағынышын басып, ел жаңалықтарын біліп, Қазақстанның жетістіктерін естіп қуанып отырады.

Жафар ТАСТЕМІР: (Голландия, Амстердам қаласы)
– Шалғайдағы қандастар атынан атажұртқа жалынды сәлем жолдай отырып, «Kazakh TV»-ның 11 жылдығын құттықтаймын! Ахмет Байтұрсынов атамыз «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегендей, ақпарат таратуда телеарнаның да мән-маңызы зор. Бұл әсіресе, атажұрттан қала берді бүкіл түркі жұртынан жырақта қалған бізге – Еуропа қазақтарына ерекше сезілді. Ұлттық құндылықтарға зәру күй кешкен еуропалық қазақтар «Kazakh TV» сияқты қазақстандық телеарналардың арқасында күн сайын алыстағы ағайынмен қауышу мүмкіндігіне ие болып отыр. Біз Голландиядағы осы арнаның тұрақты көрерменіміз. Голландиялық қазақтардың атынан телеарна жұмысына үлкен алғысымды айтқым келеді. Сіздер Қазақ елінде болып жатқан жағымды жаңалықтардың жаршысысыздар. Болашақта әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған қазақ жұртшылығын көгілдір экран арқылы табыстырып, жемісті еңбек етуді жалғастырасыздар деп сенемін. Көрермендеріңізді қазақтық рухпен сусындатып, келешек ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға өлшеусіз үлестеріңізді қоса беріңіздер. Телеарна ұжымына шығармашылық шабыт, асқақ қиял, сарқылмас қайрат тілеймін!

Жапарбай ШАДКАМ: (Иран, Теһран қаласы) 
– Әлемнің түкпір-түкпіріндегі барша иісі қазақты «Kazakh TV» телеарнасының 11 жылдық туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл арнаның шет жұрттағы қазақтардың атамекенде болып жатқан жаңалықтармен, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыпымен танысып, өз тілімізде хабарлар көріп, мәліметтер алып отыруымызға қосқан үлесі зор. «Kazakh TV» ең алғаш қызметіне кіріскен кезде біздің қуанышымызда шек болған жоқ. Әрине, үш тілді сүйікті арнамыздан ана тілімізде көбірек хабар таратылуын күтетініміз айтпасақ да белгілі. Сенбі, жексенбі күндері қазақ тілінде таратылатын бағдарламалардың көлемі көбейіп, сапасы жақсарып жатқанын байқаймын. Дегенмен балалар үшін қазақы анимациялық фильмдерді көбірек таратуды сұраймын. Сондай-ақ, бағдарламалар арасында домбыра сабақтарын үйрететін бағдарламалар болса, біздердің көріп, көшіріп алуымызға жақсы болар еді деген тілегім бар. Мерейлі сәтке орай «Kazakh TV» арнасының ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, көрермендеріңіз күннен күнге көбейіп, сырттағы қандастарыңыздың нағыз сүйікті арнасына айналуына тілектестік білдіремін.

Әкбар АЮБИ: (Дания, Орхус қаласы)
– Мен Дания қазақтары атынан Kazakh TV-ны 11 жылдық мерекесімен құттықтаймын! Бізге бұл арнадағы қазақ тарихы жайлы түсірілген хабарлар мен қазақтың ән, күйлері қатты ұнайды. Дания қазақтарын ғана емес жаһан қазақтарын ұлттық рухпен сусындатып жатқан телеарна ұжымына шығармашылық табыс тілеймін!

 

Дайындаған: Майгүл СҰЛТАН

21 Қазан 2013,​ Астана

BAQ.kz ақпараттық порталынан

http://baq.kz/kk/diaspora/809