Алыстағы ағайынға арналған арна

Алыстағы ағайынға арналған арна

Биыл «Kazakh TV» телеарнасы өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл телеарна 2002 жылдың 25 қазанында «Хабар» агенттігінің жанынан «Caspionet» деген атпен ашылған болатын. Ал биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап ол  «Kazakh TV» деген атпен шыға бастады. Қазір ол агенттіктің құрамындағы ең жасы және ең көп шетелге таралатын арна болып саналады. «Kazakh TV» арнасының негізгі мақсаты да сол, елімізді бүкіл әлемге насихаттап, имиджін қалыптастыруға еңбек ету. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, «Kazakh TV» телеарнасының көрермендер саны орта есеппен алғанда 200 миллионға жетіп отыр екен және бұл сан күннен-күнге өсуде. 

Жақында біз «Kazakh TV» телеарнасы Қазақ бөлімі бағдарламаларының бас редакторы Гүлжайнар СҮЛЕЙМЕНОВАМЕН кездесіп, осы уақыт ішінде телеарнаның атқарған қызметі мен алдағы жоба-жоспарлары туралы ойларымен бөлісуді өтінген едік.

– Биыл «Kazakh TV» телеарнасының құрылғанына 10 жыл толып отыр екен. Осы уақыт ішінде арнаның елімізді шетелге насихаттауда, имиджін қалыптастыруда көп еңбек еткенін білеміз.

– Иә, біздің арнаның негізгі қызметі, басты мақсаты елімізді әлемге насихаттап, имиджін қа­лыптастыру. Қазір «Kazakh TV» дүние жүзінің 93 еліне тарайды. Біздің арна әуел баста шетелдегі ағайындардың ана тілін, дінін ұмытпау үшін, елдің ыстық сәлемін, аманатын жеткізу үшін құрылған. Ал бүгінде телеарнамыз жаңа айтқанымдай, 93 елге тарап, елімізді барлық жаңалықтарымен жер-жүзіне насихаттап келеді. Біздің арнаның ақпараттық бағыты ең алдымен мемлекет мүддесіне қызмет ету. Сондықтан үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде үз­діксіз жұмыс істеп келеміз.  Ал  демалыс күндері көпшіліктің сұ­ранысы бойынша ойын-сауықтық бағдарламалар, көркем фильмдер мен концерттер эфирге қойылады.  Бұл тұңғыш қазақстандық спут­никтік тележобаның ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда атқа­ратын жүгі ауыр, алға қойған мақсат-міндеті зор.

– Арнадағы тілдердің пайдалану көрсеткіші қандай?

– Арнадағы мемлекеттік қазақ тілінің пайдалану көрсеткіші таза 50 пайыз болса, ағылшын және орыс тілдерінің әрқайсысының 25 пайыздан үлесі бар.

– Шамамен телеарна қай елдерге таралады?

– Телеарна спутник арқылы Еуропа, Таяу Шығыс, Кавказ, Ор­талық Азия, Солтүстік Америка, Ор­талық Шығыс елдері мен Аф­риканың солтүстік аумағына таралады. Болашақта Литва, Молдова сияқты елдермен бірге Каспий аумағын түгел қамтуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, біздің бірте-бірте қосымша кабельдік жүйеге көшу жоспарымыз да бар.

– Неліктен телеарна Еуропа елдеріне көбірек, ал көрші жатқан Ресейге аз таралады?

– Ресейге аз таралуының себебі қондырғыларды орнатуға байланысты. Мысалы, біздің арна басшылары Қытайға бірнеше рет барып, келісім-шарттар жасауға талаптанып жүр. Әзірге бұл елмен айтарлықтай табыстарға қол жеткізе алмай отырмыз. Қазір Қытайдағы қандастарымыз телеарнаны интернеттен ғана тамашалап отыр.

– Неше елдерде өкілдіктеріңіз бар?

– Біздің тұрақты өкілдіктеріміз жоқ. Қазір телеарнаны спутник арқылы таратып жатырмыз. Мәселен, Америка елдеріне де «Kazakh TV» арнасы қосылып отыр. Біздің ендігі мақсатымыз – бүкіл әлемдегі қонақүйлер же­лісіне қосылу. Соған әрекет етіп отырмыз. Осы мақсатта туристік агенттіктермен жұмыс істеудеміз. Ал бағдарламаларымызға келсек, бізде қазір 30-ға жуық бағ­дарлама бар. Соның ішінде 20-дан астамы қазақ тілінде таралады. Шетелдік қазақтардың тыныс-тір­шілігін баяндайтын «Ағайын» бағдарламасы бар. Бұл хабар Еу­ропадағы, жалпы, бүкіл әлемдегі қандастарымыздың жай-күйімен таныстыруға, соны көрсетуге ар­налған. Содан кейін «Соңғы көш» деген бағдарламамыз бар. Мұнда елге оралған қандастарымыздың қазір немен айналысып жүргені көрсетіледі. Шетелдік қазақтар ән, күй, айтыстарға қызығады, соны көрсетулерімізді сұрайды. Осы­ған байланысты біз оларға ыңғайлы уақытқа қарай сенбі, жексенбі күндері өтініш-тілектерін орындаймыз. Сосын шетелмен біздің уақыт айырмашылығымыз бар. Соны да ескеру керек. Қазір біздің Еуропамен 4-5 сағат айырмасы бар десек, біз соған лайықты бағдарламаларды кешкі мезгілге қоямыз. Шетелдік ағайындар тілге байланысты да өтініш көп айтады.

Бүгінде Еуропадағы көптеген қандастарымыздың отбасындағы қатыныс тілі түрік тілі болып кет­кені белгілі. Сосын 25 жасқа дейінгі жастар қазақ тілін ұмытқан. 30-дан әрі кеткендер білсе білер, бірақ олар аз ғана біледі. Сондықтан біз арнаның танымдылық хабарла­рын неғұрлым тіл ұстартуға пайдаланғымыз келеді. Қазір шет­ел­дік жастар бағдарламаларды қазақша да, ағылшынша да көре алады. Біздің арнаның тіл үйретуге тағы бір мүмкіншілігі, «Kazakh TV-да» тележурналдар дайындалады.

– Осы бағдарламалар, тележурналдар туралы кеңірек айтып берсеңіз…

– Ұлттық спутниктік арнада негізі жаңалықтардан басқа 20-дан артық танымдық бағдарламалар дайындалады. Қазақтың  салт-дәс­түрі мен тарихына, ән-күйі мен тамылжыған  табиғатына қатысты «Атамекен»,  «Ағайын», «Қолөнер шеберлері», «Көшпенділер әуені» секілді көптеген хабарлар ұлттық құндылықтарымыз туралы баяндайды. Қазіргі уақытта әлемнің 40-қа жуық мемлекетінде 4 млн.-нан  артық қазақ тұрып жатыр, соның ішінде Еуропаның 30-дан астам  мемлекетіне қоныстанған қандастар біздің арна арқылы жас­тарды қазақ тілін ұмытпауға тәрбиелеуде. Сонымен бірге,  біздің арна көрермендерге  шетелдік дипломаттардың Қазақстандағы жұмысы мен өмірі туралы «Persons grata» бағдарламасын,  ал Қазақстан туралы шетелдік журналистің көзімен дайындалатын «Steppe tales» хабарларын ұсынып отыр. Бұл  Қазақстан туралы ақпараты аз көрерменге елімізді терең таныстырса, ал қазақстандықтар шет­елдік елші арқылы сол елдің тұрмысынан хабардар бола алады. Тәуелсіз қазақ елінің қарыштап дамып келе жатқан экономикасы, елдің ішкі-сыртқы саясаты,   мемлекетке танымал тұлғалардың өмір жолдары, ата салтымыз,  ұлттар татулығы сияқты мәселелер арна қызметкерлерінің назарынан тыс қалған емес. Арнада  әртүрлі  салаға бағытталған тележурналдар дайындалады. Олар – «Regional Focus», (Аймақтағы ақпараттар) «Culture», (Мәдениет)  «Portraits», (Тұлға) «Inter­­­national Dialogue» (Ұлтаралық диалог) «History», (Тарих) «Oc­cupations» (Мамандық) секілді  тұрақты айдарлармен берілетін шағын хабарлар. Бұдан басқа, жаңалықтар, бизнес жаңалықтар, спорт бағдарламаларын жұртшылық назарына ұсынылып отырады.

Тарихы тереңнен тамыр тарт­­қан «Атамекен» бағдарламасы – көрермен қауымды ұлттық салт-дәстүр, мәдениетімізбен сусындатып келеді. «Celebrity world»  (Жұл­­­дыздар әлемі) –  әртістер туралы, олардың шығармашылығы, жеке өмірі жайында әңгімелесе, «Kazakhstan: A recipe for friendship» (Қазақстан: достық  пен келісім формуласы) – көп ұлтты мемлекетімізде тұратын халықтардың дәстүрлері мен салттары туралы тұшымды мә­лімет береді. «Limitless siense» – қа­зақстандық ғалымдардың алдыңғы қатарлы жаңалықтары, олардың  әр салада қолданылуы, яғни «Ше­­­карасыз ғылым» бағдарламасы ар­қылы қалың жұртшылық  зерт­ханалардағы өте күрделі тәжі­ри­белерге көз жеткізетін бо­ла­ды. Ал кезекті, «The Real eco­no­­­my» бағдарламасы еліміздегі эко­­номикалық жаңалықтарды те­рең талдап, мемлекеттік рефор­маларды, экономикадағы өзгерістер мен трансформацияларды түсіндіреді. Дәлірек айтқанда, бұл хабарда Елбасының  шетелдерге сапары барысында бірлескен кәсіпорындармен, ірі шетел инвесторларымен екі­жақ­ты келісімдердің  нәтижесі,  Қа­зақ­станда қолға алынып жатқан эко­номикалық бастамалар,  сондай-ақ, ел экономикасының әрқилы са­лалары мен мүмкіндіктері тура­­лы жан-жақты әңгіме өрбиді.  Осы бағдарламалар мен тележурналдар біздің негізгі өнімдеріміз. Осылардың шеңберінде біз кез келген оқиғаны, мәселен, Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығын ақ­параттық жағынан емес, танымдық жағынан көрсету үшін портретін жасаймыз. Негізгі ақпарат көзі ақын болса, біз соны тұлға ретінде еңбектеріне тоқталып, тележурнал дайындаймыз. Оның ерекшелігі де сол. Тағы мынадай мысал келтіруге болады. Биыл Алашорда үкіметінің құрылғанына 95 жыл болса, соған тақырып қоямыз да азаматтарды сөйлетеміз. Алаш зиялыларының ұрпақтарымен кездесеміз. Бұл дегеніміз кәдімгі ізденіс. Ал тележурнал дегеніміз, телеарнаның алғашқы қадамы. Бұл жағынан ешқандай қағажу жоқ. Тағы бір ескере кететін нәрсе, біз жаңалықтарды іріктеп, тек шетелге қажетті дегенін аламыз. Мәселен, оларды біздегі мек­тептің немесе аурухананың ашы­­­луы қызықтырмауы мүмкін. Бірақ оларды халқымыздың ұлт­­­тық құндылықтарының қы­зықтыратынын білеміз. Соған ба­сымдық береміз. Сосын Елбасының іссапарлары міндетті түрде қам­тылады. Өйткені, Мемлекет бас­шысының іссапарлары бұл еліміздің шетелге имиджін қалыптастыратын нәрсе. Біз кез келген нәрсені уақыт толтыру үшін қолданбаймыз. «Kazakh TV-да» барлық сала қамтылған. Ал бағдарламалардың тақырыбы, жаңа айтқанымдай, ағылшын тілінде қойылады. Бұл Еуропа жұртшылығының хабардың тақырыбы арқылы не туралы болатынын білуі үшін керек. Жалпы, біздің арна үш тұғырлы тілдің туын көтерген алғашқы арна болып отыр.

– Астанаға қоныс аударып, жаңа кеңсеге көшіп отырсыздар. «ҚазМедиа» орталығының мүмкіншілігі қандай?

– Ең бір қызықтысы, бұл жерде біздің өнімдеріміздің мұрағаттары сақталады. Мәселен, мен бір оралман отбасын түсірсем, оны жеке папкаға сақтай аламын. Және оны кез келген уақытта тауып, кейінгі бір осы тақырыптағы хабарларыма еркін қолдана алаты­ным қуантады. Өйткені, телеарна көріністен тұратынын ескеретін болсақ, әрбір түсірген дүниемізді көздің қарашығындай сақтай алу тележурналист үшін өте маңызды.  Біздің жаңалықтарымыз әр са­ғат сайын, әр он минут сайын шығады. Негізінде ақпараттарды ағылшын тілінде берсек, болашақта қазақ тіліндегі бағдарламаларды көбейтуді жоспарлап отырмыз. Танымдық бағыттағы дүниелеріміз де бар. Әдебиетімізді көбірек та­нытқымыз келеді. Тағы бір айтатын нәрсе, былтырдан бері біз деректі дүниелерді шығара бас­тадық. Мәселен, Қазақстанда Абай­дың, Мағжанның, Ахметтің, Міржақыптың, Мұхтардың кім екенін біледі, ал Еуропада оларды білмеуі мүмкін. Сондықтан біз үш тілде 15 минуттық деректі фильм­дер дайындап  отырмыз.

 Көрермендер лебізі

Махмуд БАШТАШ (Осло, Норвегия):
– «Kazakh TV» арнасын үйде көреміз. Көп кісілер теледидардан соң, интернеттен  көріп жатыр.  
Жастарға ұнайды. Әсіресе, қазір қазақ музыкасын ұйып тыңдайды. Менің өз балаларым қазақша домбыра болсын, модерн музыкалар болсын бәрін тыңдап отырады. 
Қазақ тілі балаларымның құлағына құйылып жатыр. Қазақша үйреніп жүр. Телеарнаның пайдасы көп, бізге көмегі тиіп жатыр.
Қазір жалғыз біз емес,  бүкіл қазақ баласы «Kazakh TV» арнасын іздейді. Көреді, тамашалайды. Жасы кішкене балаларға қазақшаны сол 4-5 жасынан үйретсек, тасқа қашалған жазудай болады деп ойлаймын. Бұл жерде телеарнаның балаларымыздың тілін қазақшаға сындыруға мүмкіндігі көп. Сондықтан телеарнаның маңыздылығын ескере отырып, біз өз кезегімізде «Kazakh TV-ны» он жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз және әрқашан көрермендердің көңілінен шыға беріңіздер дегіміз келеді.

Абдулқайым КИСИЖИ (Мюнхен, Германия):
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан, онда не болып жатқанын, мәдениеті, экономикасы туралы ештеңе білмейтінбіз. Осы арна шыққанда қуанышымыз қойнымызға сыймай, төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Сол кезде Отанымызды өз көзімізбен көріп, өз тілімізде хабарларын естіп, бір қуанып қалған едік.
Қазір телеарнаны орта, аға буын көбінесе қазақ тілінде көреді. «Kazakh TV-ны»  көрмейтін қазақ отбасылары Еуропада болсын, Түркияда болсын кемде-кем. Былайша айтқанда, әр үйде телеарнамыз сайрап тұрады. 

Бізді ең қызықтыратыны, оның қазақша хабарлары. «Kazakh TV»-ны тартымды етіп отырғаны қазақ мәдениетіне, тіліне, тарихына, шетелдегі қазақтар өміріне қатысты хабарлар  деуге болады.
Енді менің бір тілегім, жастарды, балаларды қазақ тіліне қызықтыру үшін ана тіліміздегі мультфильмдерге орын берілсе дегім келеді. Біздің сүйікті арнамызды көргелі 10 жылға жуық уақыт болыпты. Биыл телеарнаның 10 жылдық мерейтойы екен. Осыған байланысты біз телеарна ұжымын құттықтай отырып, көп рахметімізді айтамыз.

Әңгімелескен, Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».