«Kazakh TV» арнасы Астана туралы деректі фильм көрсетеді

«Kazakh TV» арнасы Астана туралы деректі фильм көрсетеді

 

Жас һәм талантты режиссер Қанат Бейсекеев Елорданың туған күніне арнайы «Менің Астанам» деректі фильмін түсірді. 30 минуттық туындыда қарапайым астаналықтардың күнделікті тыныс-тіршілігі суреттеледі, деп хабарлайды MASSAGET.KZ порталы.

Көрермен аталмыш картинаны 6 шілде күні «Kazakh TV» арнасынан тамашалай алады. Арнаның Бас продюсері Айкүміс Сексенбаеваның айтуынша олар фильм арқылы бас қаламызды жаңаша қырынан көрсеткісі келеді.

«Бұл өзге деректі фильмдерге ұқсамайтын ерекше жұмыс. Мұнда қарапайым тұрғындар арқылы Астананы жаңаша танытқымыз келді. Астана – бұл бірінші кезекте миллиондаған халқы бара алып шаһар. Алпауыт ғимараттар мен әдемі құрылыстар, мұражайлар мен ескерткіштер Елордамызға көрік беріп тұрғанмен, ең басты құндылығы – адамзат. Олар қалаға жан бітіріп, мәнге толтырады. Сондықтан күннен-күнге өркендеп келе жатқан қаламызды жергілікті тұрғындардың көзқарасы арқылы көрсетеміз», – дейді «Kazakh TV» арнасының Бас продюсері Айкүміс Сексенбаева.

Фильмде әртүрлі салада қызмет атқаратын адамдардың оқиғалары баяндалады. Басты кейіпкерлердің бірі – Кай Аман. Ол – аспаз. Бала күнінде Италияға қыдырып барып, тамақ дайындаудыдың өнер екенін түсінеді. «Маған тамақ дайындау ұнайды. Түрлі азық-түлікті бір-бірімен араластырып, жаңа дәмдерді жасағанды жақсы көремін. Арманым Астана қаласындағы тамақтану саласын жаңа деңгейге көтеру. Қонақтар мен даяшылар арасындағы байланысты өзгерткім келеді», – дейді ол.

Картинада аспазшыдан өзге такси қызметкері, велоспортпен шұғылданатын менеджер мен жас отбасылардың бастан кешкен оқиғалары суреттеледі. Олардың арасында Бразилиядан келген шеф-аспаз Роберто да бар. Ол Қазақстанға 2011 жылы көшіп келіпті. Сол уақыттан бері отбасын құрып, екі қыздың әкесі атанған. Өзі ыстық елдің тумасы болғанына қарамастан, Астананың суығын ұнатамын дейді. «Маған Астананың ауа-райы ұнайды. Ал, ең бастысы халқы жақсы. Қазақтар мен бразилиялықтардың өмір сүру әдебі екі түрлі болғанмен, біз өте ұқсаспыз. Қазақтар қонақжай, біз де сондаймыз. Қазақтар етті жақсы көреді, біз де етті жақсы көреміз. Мен осы жерде өзімді еркін, үйдегідей сезінемін. Сондықтан осы қалада өмір сүре бергім келеді», – дейді Роберто Дос Сантос.

Айта кетейік, Қ.Бейсекеевтің «Менің Астанам» фильмін көрермен 6 шілде күні сағат 21:15-де «Kazakh TV» арнасынан көрсе, алматылықтар туындыны ашық аспан астында үлкен экранда (6 шілде 21:15) тамашалай алады. Кездесу орны «Мега Алма-Ата» (Розыбакиев, 289) ойын-сауық орталығы.

«Kazakh TV» арнасының Астана күніне дайындаған екінші жобасы – «Quest.KZ» реалити шоуы. Бұл жолы елдегі туризмді дамытуға бағытталған жоба Астана қаласындағы көрікті мекендер мен маңызы бар нысандарды таныстырады. Шоудың ережесі бойынша екі команда әртүрлі кедергілерден өтіп, тапсырмаларды орындауы керек. Бағдарлама барысында жүргізуші Елордамыз туралы қызықты ақпараттар, саяхаттаушыларға арналған кеңестер беріп отырады.