Президент ҚР Қарулы Күштерінің даму басымдықтарын атады

Алматы облысында Қазақстан Қарулы күштерінің тарихындағы алғашқы кешенді бітімгершілік оқу-жаттығулары аяқталды. Оның барысын Қасым-Жомарт Тоқаев бақылады. Сонымен қатар, Президент әскери даярлық оқу орталығының қызметімен танысты. Бас қолбасшысы ел Қарулы күштерінің даму басымдықтарын атады. Алда әскери-көлік авиацияға барынша назар аударылмақ. Сонымен қатар, Қазақстан әскери басқару ісінде цифрлық технологияларды кеңінен қолданатын болады. Мемлекет басшысы қызметтерін адал атқарып жүрген қазақстандық бітімгерлерге алғыс білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде және бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап көрсетті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ – ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ЖОҒАРҒЫ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:

- «Бітпейтін» немесе «ұзаққа созылған» деп танылған аймақтық қақтығыстар БҰҰ Жарғысының қазіргі халықаралық құқықтың қайнар көзі және негізі болып табылатын басты екі қағидатының арасындағы түбегейлі қарама-қайшылықтарды айқындады. Бұл – мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен ұлттардың өз тағдырын өзі таңдау құқығы. Соңғы қағидат мемлекеттер тәуелсіздік алып, отарлықтан құтылған кезде өте өзекті бола түсті. Қазіргі уақытқа дейін әлем өзінің даму бағытын анықтады. Сондықтан бүгінде мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидаты бірінші орынға шығып, басымдыққа ие болды. Қазіргі қақтығыстарға баға беру кезінде БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын басшылыққа алуы тиіс.

 

Фото: egemen.kz


×