Халықаралық жаңалықтарға шолу

Бішкектегі тәртіпсіздік

Өткен түнде Бішкекте ереуілшілер парламент пен Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ғимаратын басып алды.  Наразылық шерулері парламенттік сайлау нәтижелері жарияланғаннан кейін басталған еді. Бейбіт басталған шара кешке қарай қақтығысқа ұласты. Ереуілшілер парламент ғимараты алдындағы қоршауды бұзып өтпек болып, күзетшілерге тас лақтырған. Ал тәртіп сақшылары көз жасаурататын газ бен резеңке оқ атып, шерушілерді күшпен таратып жіберді. Сондай-ақ, белгілі болғандай Ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысынан елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев босатылды. Сондай-ақ, бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков пен саясаткер Садыр Жапаров та бостандыққа шықты. Жалпы қақтығыстар кезінде жүз жиырмадай адам жарақат алды. Олардың тоқсаны ауруханаларға жеткізілді.

Таулы Қарабақта қаза тапқан тұрғындар саны 18-ге жетті

Таулы Қарабақтағы қақтығыстан 18 бейбіт тұрғын қаза тауып, 80-ге жуық адам  түрлі жарақат алған. Бұл туралы жергілікті БАҚ өкілдері хабарлады. Ал Армения қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Әзербайжан әскері Степанакертті нысанаға алып, зымыран соққыларын жасаған. Осыған байланысты қала тұрғындары бункерлерге тығылуға мәжбүр болыпты. Бұдан бөлек, аталған ведомство Таулы Қарабақта әзербайжан әскери жасағының күл талқаны шыққанын жеткізді. Өз кезегінде, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бірқатар позицияны бақылауына алғанын хабарлады. Айта кетейік, екі ел арасындағы қарулы қақтығыс қыркүйектің 27-сінде басталған болатын. Қазір Армения мен Әзербайжанда әскери жағдай жарияланған.   

Әлем халқының 10 проценті COVID-19 жұқтырған болуы мүмкін

Әлемде коронавирус жұқтырғандардың нақты саны ресми түрде расталған диагноздан 20 есе көп болуы мүмкін. Яғни COVID-19-бен ауырғандардың жалпы саны 780 миллион адамды құрауы ықтимал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдайлар қызметінің басшысы Майк Райан осындай мәлімдеме жасады. Айта өтейік, ресми дерек бойынша бүгінге дейін 35 миллион адамнан қауіпті вирус анықталды. Бір миллионнан астам азамат оның құрбаны болды.

 

Фото: ria.ru