Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне төрағалықты қабылдады

Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне төрағалықты қабылдады

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне төрағалық Тәжікстан Республикасынан Қазақстан Республикасына табысталды. Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ұйымға 2020-2022 жылдарда төрағалық ету кезеңінде Қазақстанның көзқарасы мен басымдықтарын ұсынды.

Министрдің айтуынша, басты басымдықтың бірі Кеңесті одан әрі институттандыру болмақ. Бұл өз кезегінде оған мүше-мемлекеттер арасындағы өзара ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Форумның халықаралық аренадағы мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді.

Бұған қоса, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы маусымда Душанбеде өткен саммит барысында АӨСШК Даналар кеңесін, АӨСШК қорын құру мен АӨСШК талдау орталықтарының форумын тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңы ретінде қайта қалыптастыру жөніндегі бастамаларын ілгерілету жоспарлануда.

Министр қазақстандық төрағалық барысында АӨСШК-тің Сенім шаралары каталогын іс жүзінде жүзеге асыру бойынша, сондай-ақ басқа да аймақтық ұйымдармен және форумдар мен сыртқы байланыстарды кеңейту бойынша жұмыстардың нығайтылатынын атап өтті.

Сондай-ақ шара барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары ҚР-дың Аустриядағы Елшісі Қайрат Сарыбайдың кандидатурасын АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры лауазымына бірауыздан мақұлдады.

Сонымен бірге, қатысушы елдердің басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер бойынша, оның ішінде АӨСШК мүше мемлекеттердің коронавирус індеті жағдайындағы ынтымақтастық пен келешегі бойынша сындарлы пікір алмасулар жүргізді.

Жиынға қатысушылар Кеңес шеңберіндегі ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын және Қазақстанның Форумдағы төрағалығы барысында Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен өркендеу бойынша ынтымақтастықты жандандыруға дайын екендіктерін атап өтті.

 

Фото: inform.kz