«Нұр Отан» праймеризіне жалпы 10 990 үміткер тіркелген

«Нұр Отан» праймеризіне жалпы 10 990 үміткер тіркелген

17 тамыз бен 28 тамыз аралығында праймеризге тіркелу қорытындысы бойынша 10 990 адам тіркелген. Бұл туралы «Kazakh TV» телеарнасының тілшісіне Нұр-Сұлтан қаласы «Нұр Отан» партиясының «Бірлік» территориалдық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғысхан Қожахметов мәлімдеді.

«Праймериз түсінігі жалпы дамушы мемлекеттердің барлығында бар. Қарапайым тілмен айтсақ партия ішіндегі ең белсенді, өз күшін сынағысы келетін, халықтың арасында беделге ие азаматтарды іріктеп алу. Негізі осы партия ішілік іріктеу алдыңғы жылдары, алдыңғы сайлауларда болған. Бірақ ол пилоттық режимде өткен еді. Биыл республикалық деңгейде барлық партия мүшелерінің арасында өткізіліп отыр», - деді Шыңғысхан Қожахметов.

Партия өкілінің айтуынша, биылғы праймеризге 11 мыңға жуық үміткер қатысып отыр. Оның 37 проценті әйелдер, 20-30 проценті 35 жасқа дейінгі жастар, жалпы өзін өзі ұсынғандар 7 900 адам. Осы ретте, өткен жылдармен салыстырғанда праймериз кезінде партияға тіркелушілер саны артқандығын атап өткен жөн.

«Қажеттілігіне келер болсақ, бұл бірінші халықтың сөзін сөйлей алатын, халықпен бірге жұмыс істей алатын және сол мәселелерді көтеріп нақты істегісі келетін азаматтарды іріктеу. Бұл жерде атап өтетін мәселе, праймериз басталған кезде жаңадан партияға кірген азаматтар саны да көбейді», - деп өз сөзін толықтырды партия өкілі.

Елорда бойынша 403 адам өтініш берген. Бірақ кейін мүмкіндіктеріне қарай 10-ға жуық азамат өз өтініштерін қайтарып алыпты. Ең жоғарғы бәсекелестік те Нұр-Сұлтан қаласында. Яғни, бір орынға 18 адам үміткер болып тіркелген.

«Жалпы праймеризге үміткер болып тіркелген адамдар мәжіліске де, мәслихатқа да іріктеледі. Бұл жерде рейтингтік жүйе жүргізіледі. Ең көп дауыс жинаған азаматтар мәжіліске, кейінгілері мәслихаттағы берілетін орындарға сай іріктелетін болады»-, деп қорытындылады Шыңғысхан Қожахметов.

Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде праймериздің 3 кезеңі, яғни дебаттық кезең өткізілуде. Дебатқа күнделікті 10 адамнан 3 топ сайысқа түсуде. Дебат екі апта көлемінде болады.

 

Фото: kt.kz