Еуроодақ Орта Азиядағы бес елдің шекарасын бекітуді көздеп отыр

Еуроодақ Орта Азиядағы бес елдің шекарасын бекітуді көздеп отыр

Еуроодақ Орталық Азиядағы бес мемлекеттің шекарасын бекітуге шамамен 22 млн еуро жұмсауды көздеп отыр. Бұл қаражат алдағы бес жылда арнайы бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінеді. Оған Ауғанстан да қатыспақ. Жобаның мақсаты – аймақтағы елдер арасында сауда ауқымын кеңейтуге арналған тиімді шекара жүйесін құру.

Сонымен қатар, одақ басшыларының айтуынша, бұл аймақтағы жағдайды тұрақтандырады. Қаражаттың бір бөлігі Ауғанстан мемлекеттік шекарасындағы өткелдердің техникалық жабдықталуына, мамандарды оқытуға, адамдардың қатынауы мен жүк тасымалын бақылайтын тиімді жүйе құруға жұмсалмақ.

«Ең басты мақсатымыз  - Орталық Азиядағы мемлекеттердің шекаралық қызметтерінің әлеуетін көтеру. Есеп-қисап толық жасалып, өзара сауда ашық жүргізілуі керек. Осылайша заңсыз саудаға тосқауыл қойып, сауда ісіне Ауғанстанды да қоса аламыз. Бұл аймақтағы елдердің бәріне де пайдалы болмақ»,- дейді Еуроодақтың Қырғызстандағы ынтымақтастығы жөнінде бөлім басшысы Шарлотт Эдриэн.

Еуроодақ болашақта да Орталық Азия аймағының қауіпсіздік органдары, кедендік құрылымдары, фитосанитарлық және шекаралық қызметтерімен бірлесіп жұмыс істуге ниетті.

Айта кетейік, Еуроодақ бағдарламасының тағы да бір маңызды бағыты - шекара қызметі мамандарын дайындау. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарына кеденшілер дайындайтын бағдарламалар енгізеді. Мысалға, солардың бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті  - Дүниежүзілік Кеден Ұйымының сертификатын алған Орталық Азиядағы алғашқы оқу орны. Кеден ісі мамандығы бойынша осы университеттің дипломымен Еуропада да жұмыс істеуге болады.

 

Фото: 24.kz