Парламент Мәжілісі Президент Жолдауы негізінде бірнеше заңды қайта қарап, өзгертулер енгізеді

Парламент Мәжілісі Президент Жолдауы негізінде бірнеше заңды қайта қарап, өзгертулер енгізеді

Мәжіліс Мемлекет басшысының Жолдауын заңнамалық қамтамасыз етуге кірісті. Бұл туралы жалпы отырыста Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында уақыт талабына сай даму бойынша негізгі бағыттарды және батыл қадамдарды көрсетіп берді. Ол – еліміздегі барлық салаларға арналып отыр. Сондықтан, осы бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету депутаттық корпустың негізгі міндеті болып табылады», - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс төрағасы ең алдымен, жыл соңына дейін мемлекеттік қызмет жүйесін қайта жаңғырту үшін мемлекеттік қызмет туралы заңға түзету енгізу қажеттігі туралы айтты. Ол әсіресе «Өнеркәсіп саясаты туралы» заңның маңыздылығына ерекше назар аударды. Экономикалық өсімді қалпына келтіру туралы заң жобасы аясында Мемлекет басшысының жаңа құрал-стратегиялық инвестициялық келісімді енгізу бастамасын заңнамалық қолдаудың өзектілігін айтты.

«Жыл соңына дейін Үкіметке квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алуларын қамтитын бірыңғай заң әзірлеу тапсырылды. Бұл тақырыпты депутаттар бірнеше рет көтерген болатын. Сондай-ақ, Президент біздің алдымызға Үкімет және«Атамекен» ұлттық палатасымен бірге Салық кодексі мен заңға тәуелді актілердіқайта қарау туралы міндет қойды»,- деді Нұрлан Нығматулин.

Қолданыстағы заңнамалық актілердің қатарында Экологиялық кодекс жобасы бар. Осыған орай, Мәжіліс төрағасы ұлттық саябақтар мен Қазақстанның басқа да табиғи байлықтарын заңнамалық қорғаудың қажеттілігі туралы айтып, осы салада құқық бұзған азаматтарға қылмыстық және әкімшілік жазаны қатаңдату керектігіне көңіл бөлді.

«Сонымен қатар, Мәжілісте қаралып жатқан «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң жобасы осы жылдың соңына дейін қабылдануы керек. Президенттің «Қоғамдық бақылау туралы», сондай-ақ «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» Заңды әзірлеу және қабылдау туралы тапсырмасы да өзекті. Біздің алдымызда көптеген ауқымды жұмыстар тұр. Басты бағыт –Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруды заңнамалық қолдау», - деді Нұрлан Нығматулин.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: azh.kz