Міндетін лайықты орындады: қазақстандық әскери дәрігерлер Ливаннан оралды

Міндетін лайықты орындады: қазақстандық әскери дәрігерлер Ливаннан оралды

Қазақстандық әскери дәрігерлер Ливаннан елге оралды. Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында әскери дәрігерлерді қарсы алу салтанаты өтті. Еске салсақ, біздің мамандар Бейрут, Боуар, Сайда, Машгара қалаларында жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетті.

«Осы уақыт ішінде біздің медицина қызметкерлері қойылған міндеттерді лайықты орындап, шетелдік әріптестерінің тарапынан оң бағаланды. Сіздерді қойылған міндеттердің орындалуымен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметте табыс тілеймін», - деп мәлім етті құттықтау сөзінде қорғаныс ведомствосы басшысының орынбасары, генерал-майор Руслан Шпекбаев.

Әскери дәрігерлер екі аптадан артық уақыт ішінде барлығы 635 науқасты қабылдап, 73 емделушіге операция жасады. Қазақстандық мамандардың көмегіне жүгінгендер арасында кішкентай балалар мен егде жастағы ливандықтар болды. Ең қарт пациенттердің бірі – сол жақ жамбас сүйегі сынған 90 жастағы ер адамға қос тарап мамандарының күшімен операция сәтті жүргізілді.

Сонымен қатар, Бейрут әскери госпиталіне Қазақстан тарапынан дәрі-дәрмек және медициналық мүлік түрінде гуманитарлық жүк тапсырылды.

«Ливандықтар өте риза халық. Біз ұшып бара жатқанда олар Қазақстан Республикасына, Президентімізге үлкен алғыс білдірді. Жергілікті тұрғындар да жылы қабылдады. Әскери госпиталь мен муниципалдық ауруханаларда жұмыс істеу барысында біз үлкен тәжірибе жинадық»,-деді ҚР ҚМ Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының ғылыми-хирургиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, жетекші хирург, медицина қызметінің полковнигі Асқар Маруфов.

Сонымен қатар, жұмыс барысында қазақстандық әскери дәрігерлер ливандық әріптестерімен бірлескен емдік іс-шаралар жүргізіп, құнды тәжірибе алмасты. Ливан Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы генерал Джордж Юссеф және әскери госпиталь бастығы генерал Абудахир Насиммен кездесуде тәжірибе алмасу мен екі елде әскери медицинаны дамыту бойынша одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Ливан тарапы көрсеткен көмегі үшін біздің дәрігерлерімізге зор алғысын білдірді.

Авторы: Данагүл Біләлова

 

Фото: ainews.kz