Қазақстандық дәрігерлер Ливан тұрғындарына қалай көмек көрсетіп жатыр?

Қазақстандық дәрігерлер Ливан тұрғындарына қалай көмек көрсетіп жатыр?

Ливанда арнайы мақсаттағы қазақстандық әскери-медициналық жасақ жұмыс жасауда. Отандық мамандар Бейрут, Боуар, Машгар және Сайда қалаларының медициналық мекемелерінде науқастарға медициналық көмек көрсетеді, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігі.

Алғашқы жұмыс күнінен бастап қазақстандық дәрігерлер жүздеген Ливан азаматтарына медициналық көмек көрсетті. Атап айтқанда, олар хирургиялық, травматологиялық және терапевтік пациенттерді емдеуге жұмылдырылды, сондай-ақ, реанимация және анестезиология бөлімшелерінің жұмысына, эндопротездеу сияқты жоғары технологиялық қызметтерді қоса алғанда, операциялық араласулар жүргізуге белсенді қатысады. Дәрігер көмегіне жүгінген азаматтардың арасында аммиак селитрасының детонациясы нәтижесінде жарылыс толқыны әсер ететін аймақта болғандар бар. Бұған қоса, әскери дәрігерлер амбулаториялық науқастарға көмек көрсету және қабылдау бойынша медициналық пункттің жұмысын ұйымдастырды.

«Мен Ливанның оңтүстігіндегі Бейрутта тұрамын. Осы қиын-қыстау кезеңде Қазақстан басшылығына және әскери дәрігерлерге менің халқыма және балаларыма көмек көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Ливанға қош келдіңіз!»,- деді науқастардың бірі Фади Эхри.

Қазақстандық дәрігерлердің жұмысы елдегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, қатаң санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған, делінген министрлік хабарламасында.

 

Фото: sputniknews.kz