Сенат сайлауының соңғы қорытындысы жарияланды

Сенат сайлауының соңғы қорытындысы жарияланды

Бүгін 12 тамызда болған ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлаудың қорытындыларын анықтау және жариялау мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.

Бейнекоференцбайланыс режиміндегі отырысқа облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары және онлайн режимде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров «2020 жылғы 12 тамызда болған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлаудың қорытындыларын анықтау және жариялау туралы» баяндама жасады.

Ол облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының сайлау комиссияларының Парламент Сенаты депутаттарын сайлау бойынша дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттамалары негізінде сайлау Қазақстан Республикасының 14 облысында, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өтті деп танылғанын баяндады.

3069 таңдаушының 2889-ы немесе таңдаушылардың жалпы санының 94,1 пайызы дауыс беруге қатысты.

Сайлау бюллетеньдерінің жалпы санынан 15 сайлау бюллетені жарамсыз деп танылды.

Дауыс беру күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары болып сайланды:

Ақмола облысынан – Бекенов Нұрлан Жексембайұлы, 1961 жылы туған, Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы;

Ақтөбе облысынан – Қаниев Бауыржан Нұралыұлы, 1958 жылы туған, Ақтөбе облысы Шалқар ауданының әкімі;

Алматы облысынан – Дүйсембинов Сұлтан Мырзабекұлы, 1959 жылы туған, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы;

Атырау облысынан – Лұқпанов Сағындық Есенғалиұлы, 1960 жылы туған, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС басқарушы директоры-басқарма мүшесі;

Шығыс Қазақстан облысынан – Булавкина Ольга Александровна, 1972 жылы туған, Бородулиха ауданының әкімі;

Жамбыл облысынан – Орынбеков Бекболат Серікбекұлы, 1957 жылы туған, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары;

Батыс Қазақстан облысынан – Рысбекова Ләззәт Тұяқбайқызы, 1976 жылы туған, «Орал гуманитарлық колледжі» ЖМ қаржы директоры;

Қарағанды облысынан – Ершов Сергей Михайлович, 1960 жылы туған, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты;

Қостанай облысынан – Карплюк Сергей Алексеевич, 1968 жылы туған, Қостанай облысы әкімінің орынбасары;

Қызылорда облысынан – Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы, 1971 жылы туған, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары;

Маңғыстау облысынан – Алдашев Сүйіндік Тасеменұлы, 1963 жылы туған, «Қаражанбасмұнай» АҚ бірінші вице-президенті;

Павлодар облысынан – Нұхұлы Алтынбек, 1962 жылы туған, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры;

Солтүстік Қазақстан облысынан – Перепечина Ольга Валентиновна , 1967 жылы туған, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты;

Түркістан облысынан – Бектаев Әли Әбдікәрімұлы, 1962 жылы туған, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты;

Нұр-Сұлтан қаласынан – Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы, 1961 жылы туған, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ басқарма төрағасы;

Алматы қаласынан – Мәкежанов Сұлтанбек Алмасбекұлы, 1961 жылы туған, Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі;

Шымкент қаласынан – Қапбарова Айгүл Жарылқасынқызы, 1975 жылы туған, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Сондай-ақ, отырыс барысында Ортсайлауком хатшысы Сәбила Мұстафина сөз сөйледі. Ол бұның алдында Парламент Сенатының депутаттығына әрбір кандидатқа республикалық бюджеттен сайлау алдындағы үгіт жүргізу үшін қаржы қаражаты көзделгенін хабарлады. Алайда, өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бұл қаражат толық пайдаланылмады. Осыған байланысты игерілмеген қаражат бюджетке қайтарылады.

Отырысты қорытындылай келе, ҚР ОСК Төрағасы Берік Имашев бұл сайлау науқанының ерекшелігі әйелдердің саяси белсенділігінің артуы болып табылатынын атап өтті. Яғни, сайланған 17 депутаттың 5-і әйелдер, бұл 29,4%-ды құрайды. 2014 және 2017 жылдардағы сайлауда бұл көрсеткіш тек 6% болған.

Дауыс беру барлық басқа сайлау рәсімдері сияқты сайлау заңнамасының нормаларына сай өтті.

Сайлау күні Ортсайлаукомның интернет-ресурсы арқылы таңдаушыларды тіркеуді және дауыс берудің алдын ала қорытындыларын шығаруды онлайн байқау сервистері жұмыс істеді, осылайша сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етілді. Бұл процесс ҚР ОСК ақпараттық арналары арқылы жедел түрде жария етілді.

Дауыс беру рәсімін және сайлау қорытындыларын шығаруды 242 жергілікті және 5 халықаралық байқаушы байқап отырды.

Сайлау өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, сайлау процесінің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды сақтай отырып өткізілді.

 

Ақпара көзі: election.gov.kz