Қазақстан мен БҰҰ орнықты даму саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Қазақстан мен БҰҰ орнықты даму саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Қазақстан мен БҰҰ арасындағы 2021-2025 жылдарға арналған орнықты даму саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов пен БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура қол қойды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Ынтымақтастық бағдарламасы алдағы 5 жылдағы Қазақстан мен БҰҰ-ның бірлескен қызметінің негізгі құжаты болады. Ол үш бағыттағы жұмысты қамтиды: адамның дамуы және теңдік қатысу; тиімді институттар, адам құқықтары және гендерлік теңдік; тұрақты қоршаған орта және инклюзивті экономикалық даму.

 «Мен жаңа бағдарлама болашақтағы ынтымақтастықтың одан әрі кеңейтетініне және Қазақстанның одан әрі орнықты дамуын, халқымыздың әл-ауқатын жақсартудың негізі болатынына күмәнім жоқ», – деді  Әлихан Смайылов.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Қазақстан Ұйымға қабылданғаннан бері 27 жылдан астам уақыт ішінде қызметтің барлық бағыттары бойынша серіктестіктің жоғары деңгейіне қол жеткізгенін атап өтті. Және тұрақты дамудың 2030 жылға арналған күн тәртібінің және оның 17 мақсатының орындалуы екіжақты өзара іс-қимылдың маңызды бағыттарының бірі екенін жеткізді.

Өз кезегінде Норимаса Шимомура соңғы бірнеше жыл ішінде Қазақстан үкіметі мен БҰҰ тобы осы бағытта, соның ішінде ТДМ бойынша Координатор кеңесі аясында бірлескен жұмыстардың үлкен көлемінде атқарылғанын атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы, жергілікті билік органдарымен, азаматтық қоғаммен және жеке сектормен нәтижелі өзара іс-қимыл орнатылды, осыған орай БҰҰ Қазақстанға қолдауын кеңейтуде.

«Осы сәт БҰҰ елдік командасы үшін тарихи оқиға, өйткені біз Қазақстан Үкіметімен және халық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басты. Біз ынтымақтастықтың жаңа шеңберін үкіметтің, азаматтық қоғамның, академиялық топтар, жеке сектордың, бұқаралық ақпарат құралдарының, халықаралық қауымдастықтың және БҰҰ-ны қоса алғанда, стратегиялық серіктестердің ресурстарын шоғырландыру арқылы Қазақстанда 2030 күн тәртібін іске асыруда одан әрі алға жылжу механизмі ретінде қарастырамыз», – деді Норимаса Шимомура.

Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы серіктестіктің ерекше маңыздылығы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ тұрақты даму жөніндегі саммитінде  және БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен кездесуінде сөйлеген сөзінде айтқан. Президент «БҰҰ-мен өзара іс-қимылды нығайту – біздің сыртқы саясатымыздың маңызды бағыттарының бірі» деп атап өткен еді. 

Қазақстан мен БҰҰ арасындағы 2021-2025 жылдарға арналған орнықты даму саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоя отырып, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов пен БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура коронавирус кең етек жайған уақытта оның жағымсыз әлеуметтік және экономикалық салдарын жұмсарту шараларын асыра бағалау қиын екенін айтты. Қос тарап бірлескен күш-жігердің арқасында қиындықтарды жеңуге және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге болатындығына сенім білдірді.

Авторы: Әсел Күшенғалиева


Фото: egemen.kz